Атырау, 31 тамыз 17:23
 дождьВ Атырау +23.8
$ 464.77
€ 541.36
₽ 5.41

​Көкпар және өзге де 42 спорт түрі: Бішкекте Көшпенділер ойындары ашылуда

57 рет қаралды

Қазақстан құрамасы Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады.

Ұлттық құрама сапына 155 спортшы мен 49 бапкер кірді.

Ашылу салтанаты 31 тамызда жаңа «Бишкек Аренада» өтеді. Бағдарламада делегациялар көші мен көшпелі халықтардың тарихы мен мәдениетіне арналған ауқымды қойылым қарастырылған.

Қазақстан Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, құрама толық жасақталып, спортшылар жарыстарға тас-түйін дайын. Қазақстандық делегацияның барлық қатысушылары бірыңғай спорттық киім үлгісімен қамтамасыз етілді.

Көкпар командасына ерекше көңіл бөлінді. Ұйымдастырушылар сәйгүліктерді тасымалдау, орналастыру, оларға күтім жасау және ветеринариялық сүйемелдеу мәселелерін пысықтады.

Ойындар бағдарламасына спорттың 43 түрі енгізілген, қатысушылар 69 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жарыстардың негізгі бөлігі Ыстықкөлде өтіп, Ойындар 6 қыркүйекте мәресіне жетеді.

Kaktus.media хабарлауынша, ашылу салтанаты алдында стадион жанына көптеген көрермен жиналды. Олар үшін тегін автобустар ұйымдастырылып, кіреберісте металл іздегіштер орнатылды.

Салтанатты шарада америкалық әнші Николь Шерзингер, сондай-ақ белгілі қырғызстандық орындаушылар өнер көрсетеді деп күтілуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақ көкпары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енбейтіні хабарланған болатын. Бұл туралы «Биринчи радио» эфирінде Ойындардың халықаралық хатшылығының басшысы Нұрсұлтан Әбенов мәлімдеген еді.

Оның айтуынша, бюджетті оңтайландыру және ұқсас спорт түрлерін қайталамау мақсатында жарыс бағдарламасына тек көкбөрі — лақ серкесі тартылатын ат спортының қырғызша нұсқасы ғана кіргізілмек болған.

Дегенмен, Қазақстан Көкпар федерациясы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің бірлескен жұмысының және қырғыз тарапымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде қазақ көкпары VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына ресми түрде енгізілді.

Бүгін, 16:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.