Атырау, 31 тамыз 14:38
 дождьВ Атырау +22.3
$ 464.77
€ 541.36
₽ 5.41

Атырауда ана мен жаңа туған сәбиін перзентханадан шығармай отыр

92 рет қаралды
 ChatGPT жасаған сурет
ChatGPT жасаған сурет

Отбасы вакцинациядан бас тартқан жағдайда дені сау нәрестені перзентханадан шығаруды кейінге қалдыру заңды ма деген сауалмен ата-анасы  «Ақ Жайық» редакциясына сауал жолдады.

Атырау тұрғыны бесінші баласын дүниеге әкелді. Оның әпкесінің айтуынша, бұған дейінгі төрт балаға да ата-анасы екпе жасатпаған: ресми түрде жазбаша бас тарту рәсімделіп, ана мен сәби перзентханадан шығарылған. Бұл жолы қиындықтар туындаған.

«Алдыңғы төрт балаға да ата-анасы екпе жасатпаған. Олар ресми түрде жазбаша бас тарту рәсімдеп, перзентханадан еш қиындықсыз шыққан. Қазір бесінші балаға байланысты басқа жағдай туындады. Бізді қызықтыратыны – егер ана мен баланың перзентханада әрі қарай қалуына медициналық көрсеткіштер болмаса, оларды шығармай қоюға құқықтары бар ма?» — делінген босанған әйелдің әпкесінің өтінішінде.

Бұл сауалға түсініктеме алу үшін «Ақ Жайық» Атырау қалалық перзентханасына жүгінді.

«Егер балаға БЦЖ вакцинасы салынбаса, қолданыстағы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, перзентханадан шығару үшін ата-аналар мен нәрестемен бірге тұратын барлық адамдардың туберкулезге тексерілгені жөнінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымынан анықтама қажет», — деп хабарлады перзентхана.

Мұндай талап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-214/2020 бұйрығымен бекітілген туберкулездің алдын алу шараларын жүргізу қағидаларының 12-тармағында көрсетілген.

Құжатта былай делінген: «БЦЖ вакцинасын алмаған жаңа туған нәрестелерді шығару ата-аналар мен бірге тұратын барлық тұлғалардың туберкулезге тексерілгені туралы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымынан анықтама болған жағдайда жүзеге асырылады».

Айгүл МАНСУРОВА

Бүгін, 13:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.