
Атырауда «Жетістікке жетелеген жол: дарынды оқушы. Талантты ұстаз. Үздік мектеп» атты 2025–2026 оқу жылының қорытынды іс-шарасы өтті. Жиында оқу жылында жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар мен педагогтер, сондай-ақ республикалық және халықаралық додаларда үздік нәтиже көрсеткен мектептер марапатталды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметі бойынша, іс-шараны білім беру басқармасының «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығы ұйымдастырды.
«Үздік мектеп» номинациясы бойынша:
облыстық мамандандырылған мектептер арасында І орынды №1 «Білім-Инновация» мектеп-лицейі, ІІ орынды Облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясы, ІІІ орынды Нұрғиса Тілендиев атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясы мен №3 «Білім-Инновация» мектеп-лицейі иеленді.
Атырау қаласы мектептері арасында І орын №41 Әбіш Кекілбаев атындағы мектеп-гимназиясына, ІІ орын №34 көпсалалы мектеп-гимназиясы мен Әл-Фараби атындағы BINOM мектеп-лицейіне, ІІІ орын №50 орта мектепке берілді.
Аудан мектептері арасында І орын Индер ауданындағы Мұқанғазы Сиранов атындағы орта мектепке, ІІ орын Жылыой ауданындағы №22 және №6 орта мектептерге, ІІІ орын Махамбет ауданындағы Оңай Шонаев атындағы, Құрманғазы ауданындағы Михаил Ломоносов атындағы және Исатай ауданындағы Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектептерге табысталды.
- Бұл – оқушылар мен ұстаздардың жаңа белестерді бағындыруына қосымша серпін береді. Өткен жарыстарда да әрбір жетістік бағаланып, облыс әкімдігі тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді. Ал жаңа оқу жылында дарынды оқушыларды қолдап, ұстаздардың кәсіби дамуына жағдай жасап, білім саласындағы нәтижелерді одан әрі арттыруға күш саламыз, - деді орталық директоры Қайырғали Азилов.
Сонымен қатар өз ісіне адалдығы, кәсіби шеберлігі және шәкірттерінің жетістіктері арқылы ерекшеленген 15 педагог «Талантты ұстаз – 2026» номинациясымен марапатталды. Халықаралық және республикалық деңгейдегі білім додаларында облыс абыройын асқақтатқан 15 дарынды оқушыға да құрмет көрсетілді. Сондай-ақ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамотасымен 18 мұғалім марапатталды.
Бұл марапатты иеленгендердің қатарында «Дарынды оқушы - 2026» номинация иегері, Құрманғазы ауданы, С.Имашев атындағы орта мектебінің оқушысы Анастасия Кузнецова бар.
«Ұлтым орыс болғанымен, қазақ тілі менің жүрегімде ерекше орын алады. Олимпиадаларға да қазақ тілінде қатысамын. Еңбегімізді елеп, осындай құрмет көрсетіп жатқаны үшін алғысымды білдіремін», - деді оқушы.
Жиында халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында жүлделі ІІ орын алған Батыс әскери-патриоттық клубы да марапатталды.
Биылғы облыстық Ұлттық мектеп лигасының қорытындысы бойынша І орынды Атырау қаласы, ІІ орынды Құрманғазы, ІІІ орынды Индер ауданы иеленді.
В Атырау +28.8