
Қазақстанда мектеп оқушыларының макияж жасауына жалпы мектеп формасына қойылатын талаптарда тікелей тыйым салынбаған. Алайда білім беру ұйымдары ішкі тәртіп ережелері немесе мектеп жарғысы арқылы мұндай шектеуді өз бетінше енгізе алады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шынар Ақпарова мәлімдеді.
«Макияжға қатысты бұйрықта нақты тыйым жоқ. Алайда мектептердің ішкі тәртібінің типтік ережелері мен жарғылары бар. Бірыңғай талапты қамтамасыз ету үшін мектептер өз ережелерінде оқушылардың ғимаратқа макияжсыз келуі керектігін көрсете алады», — деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар ата-аналарға қызының сабаққа макияжбен келгені үшін ғана айыппұл салынбауы тиіс. Себебі косметика міндетті мектеп формасына жатпайды және тиісті бұйрықта құқық бұзушылық ретінде көрсетілмеген.
Мектеп формасына қойылатын талаптарды жүйелі түрде сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алдымен ата-аналарға ескерту жасалуы мүмкін, ал талап қайталанған жағдайда 5 АЕК мөлшерінде, яғни 2026 жылы 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынуы ықтимал.
Вице-министр мектептің өзі белгілеген макияжға қатысты тыйымды сақтамау ата-аналарды жауапкершілікке тартуға жеке негіз бола ала ма деген мәселені нақтыламады. Ол айыппұлды тек міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзумен байланыстырды.
В Атырау +28.1