Атырау, 28 тамыз 15:13
 дождьВ Атырау +28.1
$ 462.30
€ 538.07
₽ 5.41

Ақшолақов Құрманғазы ауылдарындағы шешілмеген мәселелерді көзбен көрді

Сурет
85 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Құрманғазы ауданына жұмыс сапары барысында Сүйіндік, Азғыр және Асан ауылдарындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап шықты. 

Ол алдымен Сүйіндіктегі 2024 жылы пайдалануға берілген дәрігерлік амбулаторияға барды. Жиырма бес төсек-орындық мекемеде түрлі кабинеттер қарастырылғанымен, дәрігерлер тапшылығы байқалады. Әкім аудан басшылығына мамандарды даярлап, ауылға тарту жолдарын қарастыруды тапсырды.

Сүйіндікте сонымен қатар 48 орындық спорт кешені салынып жатыр. Құрылысы 2023 жылы басталған нысан әзірге 35 пайызға дайын. Ақшолақов жұмысты жеделдетіп, ауыл тұрғындарына қажетті спорт алаңын уақытында пайдалануға беруді міндеттеді.

Әрі қарай ол 400-ге жуық тұрғыны бар Азғыр ауылына барып, “Қоянды” топтық су құбырының жағдайымен танысты. 1998 жылы іске қосылған нысанда соңғы жылдары ұңғымалар бұрғыланғанымен, жабдық сапасына қатысты мәселелер туындаған. Әкім сорғы жабдықтарын дұрыс таңдап, сүзгілерді тиімді орнатуды тапсырды. Сондай-ақ ол “Балқұдық – Харабали” өткізу пунктін және 100 орындық Мәдениет үйінің құрылысын тексерді. Құрылысы материал бағасының өсуіне байланысты тоқтап қалған мәдениет үйі бүгінде 50 пайызға дайын. Ақшолақов нысанның функционалдық мүмкіндігін кеңейтіп, ауыл тұрғындарына барынша қолжетімді болуын тапсырды.

Асан ауылдық округіне қарасты Үштаған ауылында әкім құм тоқтату жұмыстары жүргізіліп жатқан аумаққа барды. Соңғы жылдары мұнда мыңдаған сексеуіл көшеті егілгенімен, бір бөлігі құм басып қалған. Биыл қосымша 15 мың ағаш отырғызылып, оларды күтіп-баптау мердігер ұйымға жүктелген.

Сапар соңында Ақшолақов “7-разъезд – Асан – Азғыр – Балқұдық – Сүйіндік” бағытындағы 282 шақырымдық автожолды жөндеу барысын бақылады. Қазіргі жобалар оның 98 шақырымын қамтиды. Жол төсемі суық ресайклинг әдісімен нығайтылып, геотекстиль және геотор қолданылуда. Әкім жол құрылысының сапасына ерекше мән беріп, жобаларды уақытында аяқтауды тапсырды.

Бұл сапар барысында өңір басшысы ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, су және жол инфрақұрылымын дамытуға басымдық берді.


Бүгін, 14:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.