Атырау, 28 тамыз 11:12
 дождьВ Атырау +17
$ 462.30
€ 538.07
₽ 5.41

Құны 3 есе өсті: Нұрсаядағы саябақ қашан салынады

48 рет қаралды

Нұрсаядағы саябақ жобасына сараптаманың оң қорытындысы 1 маусымда алынғанымен, құрылыс әлі де басталған жоқ. Әкімдік жұмыс қаржы бөлінгеннен кейін басталатынын мәлімдеді.

Ауыл тұрғындарының өтініші бойынша «Ақ Жайық» басылымы сәуір айында болашақ саябақтың жай-күйін сұрап білген еді. Ол кезде қалалық әкімдік құрылыстың басталуы жобалау-сметалық құжаттамаға (ЖСҚ) түзетулер енгізуге және сараптаманың аяқталмауына байланысты кейінге қалдырылып жатқанын хабарлаған болатын.

ЖСҚ-ға өзгерістер енгізу жер учаскесінің аумағы 5 гектардан 4,6 гектарға дейін кішіреюіне, сондай-ақ жер асты тұзды сулары деңгейінің бірнеше есе көтерілуіне байланысты талап етілді.

Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижанның айтуынша, қажетті түзетулер енгізіліп, 1 маусымда «ATO-Expert» ЖШС сараптаманың оң қорытындысын берген.

Дегенмен жұмыстың басталатын нақты мерзімі әлі де белгісіз. Әкімдіктегілер құрылысқа қаражат бөлінгеннен кейін кірісетінін жеткізді.

Түзетулер барысында жобаның құны 1 млрд 493 млн 24 мың теңгеден 4 млрд 817 млн 230 мың теңгеге дейін, яғни 3 еседен астам өсті. Осылайша, саябақ құрылысы 3 млрд 324 млн 206 мың теңгеге қымбаттаған.

Бастапқыда нысанды 2026 жылдың жазында аяқтау жоспарланған еді. Қазір іске асыру мерзімі 2026 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығы деп көрсетілген. Дегенмен жыл соңына дейін төрт айдан сәл ғана астам уақыт қалды.

Жобаға сәйкес, саябақ 4,62 гектар аумақты алып жатыр. Көгалдандыруға 17,7 мың шаршы метр бөлініп, 325 түп ағаш отырғызу көзделген. Сонымен қатар мұнда балалар ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер мен жүгіру жолдары, субұрқақ және 551 шағын сәулеттік форма пайда болуы тиіс.

Жобалаушы тарап — «RedLine Pro» ЖШС, ол авторлық қадағалауды да жүзеге асырады. Мердігер — «Сұңқар Құрылыс ЛТД» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «GRAND URBAN» ЖШС жүргізеді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

Бүгін, 10:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.