
Жылыой ауданы Майкөмген ауыл тұрғындары құм көшкініне қаламыз ба деп қорқады. Бірнеше жыл бұрын мұнда сексеуілден қорғаныс белдеуі жасалмақ болған, алайда ол мәселені түбегейлі шешкен жоқ.
Қызыл құм ауылдан 600-700 шақырым жерде пайда болған. Әсіресе, жаз айындағы үздіксіз жел тұрса құм да борап берекетті алатын көрінеді.

- Құмнан қорғанамыз деп сексеуілді егіп жатыр, оның бірі шықса, бірі шықпай әбігерге салып тұр. Ауылдың шығыс жағындағы егілген сексеуілдерді топырақ көміп тастады. Оның үстіне мал сексеуілді жеп тыным бермейді деп әкімшілік айналдыра қазып тастады. Оның іші құмға толып жатыр, бос топырақ ауылға қарай жел күндері борап тұр, - дейді ауыл тұрғыны Мүтайыр Әкен.
2020-2021 жылдары Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жоспарына сәйкес құм көшкінін алдын алу мақсатында 6 гектар жерге сексеуіл егілген көрінеді. Оған 77, 1 млн қаржы қаралып, егу жұмысын "БатысСпецавтоматика" ЖШС атқарған.
Оның 1 гектары өссе, ал ауылдың шығыс бөлігіне егілген 5 гектар сексеуіл топырақ астында қалып шықпай қалған.

Ауылдық округ әкімі Нұржарық Сауытов жалпы бұл сексеуіл егілген аймақ облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының теңгерімінде екенін хабарлады.

- Оның үстіне мал кіріп егілген сексеуілдерді жеп қойды. Енді мал кірмесін деп айналдыра траншея қазып тастадық. Себебі, тұрғындарға бірнеше рет ескерту жасаған едік. Амалсыздан осы әдіске барып тұрмыз. Тұрғындарға тал егейік деп едім, оны 3-4 адам ғана қолдап отыр. Демеушілікпен жүзеге асыруға болар еді, - дейді ол.

Қалай еткенде де тұрғындар құм көшкініне қарсы шара алуын талап етуде. Жуырда аудан әкімшілігі айланд ағашын егеміз бе дегенді де айтқан. Маңғыстау облысы айланд талын егу арқылы қиындықтан шығып отырғанын айтады.

Әлі де болса бір шешімге келмеген әкімдік әзірге нақты жоспарымен жергілікті тұрғындарды таныстыра қойған жоқ.
"АЖ" анықтамасы: Майкөмген ауылы Құлсары қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан. Яғни, Атырау-Маңғышлақ темір жолының бойында. Бүгінде 200-үйде 1168 халық тұрады. Ауыл құмдауыт жерге орналасқандықтан тегістік сақталмаған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +22.3