
Орталық барлау басқармасының (ОББ/ЦРУ) директоры Джон Рэтклифф Ресей басшылығын НАТО-ға мүше елдерге, ең алдымен Балтық мемлекеттеріне қарсы кез келген агрессиялық әрекеттерден жеке өзі ескерту үшін Мәскеуге жоспардан тыс сапармен барды. Бұл туралы америкалық барлау қызметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап Wall Street Journal мен Politico хабарлайды, деп жазады Би-би-си.
WSJ мәліметінше, АҚШ арнайы қызметтері Кремль «алянстың төзімділігін тексеру», гибридті арандату ұйымдастыру немесе Эстония, Латвия я болмаса Литваға шабуыл жасау сценарийін қарастыруы мүмкін деп есептейді. Лэнгли басшысы РФ-ға дәл осылай шиеленісті өршітетін қадамдардың алдын алу үшін жіберілген.
Ресми тараптар бұл жағдайға қатысты ұстамдылық танытуда:
Вашингтон: Президент Дональд Трамп Рэтклиффтің сапарын келіссөздердің егжей-тегжейін ашпастан, «жартылай жоспарлы» сапар ретінде сипаттады.
Мәскеу: Кремль сапардың болғанын растап, Владимир Путинмен кездесулер өткізілмегенін, ал сапар тек «арнайы қызметтер желісі бойынша жұмыс байланыстары» үшін ұйымдастырылғанын атап өтті.
Politico сарапшылары бұл оқиғаны 2021 жылғы қарашадағы жағдаймен салыстырады. Ол кезде ОББ-ның бұрынғы басшысы Уильям Бернс Кремльді Украинаға басып кіру жоспарының салдары туралы ескерту үшін Мәскеуге дәл осылай құпия сапармен барған болатын. Арада төрт айға жетпейтін уақыт өткенде толық ауқымды соғыс қимылдары басталды.
В Атырау +16.9