Атырау, 27 тамыз 13:51
 дождьВ Атырау +26.4
$ 458.87
€ 535.09
₽ 5.42

Ирикла Жайықты әлі де толықтырып отыр: тамызда өзенге қанша су жіберілді

84 рет қаралды

Биыл тамыз айында Жайық өзенінің суы қайтадан арнасына толғаны байқалады. Әдетте күзге қарай өзен суы азая бастайтын. 

Жайық–Каспий бассейндік инспекциясы бұл жағдайды растады: Ириклин су қоймасынан су жіберу қазір де жалғасып жатыр.

«Ақ Жайық» редакциясының сауалына берген жауабында инспекция басшысы Ғалидолла Азидуллин биыл Жайық өзенінде су мөлшері былтырғы жылмен салыстырғанда молырақ екенін растады. Бірақ, оның сөзінше, Жайықтағы су көлемінің молаюы тек Ирикла су қоймасынан жіберілетін су көлеміне байланысты емес. Оған өзенді толтыратын табиғи сулардың, соның ішінде жауын-шашын мөлшері және су деңгейі мен оның шығыны, ағыс жылдамдығы сияқты басқа да гидрологиялық жағдайлардың әсері болуы мүмкін екен.

Азидуллиннің сөзінше, «Ирикла су қоймасынан Жайыққа су жылына бір рет қана, тек көктем мезгілінде жіберіледі» деген ақпарат қате. Ол Ирикла су қоймасынан Жайыққа жылына қанша рет және қанша көлемде суды тұрақты түрде жіберу туралы бекітілмегенін айтады. Су жіберу көлемі қалыптасқан гидрологиялық жағдайды ескере отырып реттеледі. Бұл - су жіберу көлемін арттыру немесе төмендетуге де байланысты солай жүзеге асырылады. 

 - Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне су жіберу көлемі гидрологиялық жағдайға қарай реттеліп отырады. Яғни су жіберу көлемі жыл ішінде бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Биыл да су жіберу режимі бірнеше рет өзгерген, - дейді инспекция басшысы.

Тамыз айының ортасында Жайық өзеніне секундына 141 текше метр су жіберілген. Ал 24 тамыздан бастап қазіргі уақытта секундына 60 текше метр су жіберіліп отыр.   

3,2 млрд текше метр су көлемі сыятын Ирикла су қоймасында қазіргі уақытта 2,7 млрд текше метр су көлемі бар.

Инпсекция ұсынған мәлімет бойынша, нақтырақ айтқанда, 2 млрд 741 млн текше метр. Су қоймасының сыйымдылығы 85 пайызға жуықтайды. Оған секундына 37,8 текше метр су келіп жатыр делініп отыр.

Жыл басынан бері бері Ирикла су қоймасынан Жайыққа шамамен жиыны - 1 млрд 858 млн текше метр су жіберілген.

Салыстыру үшін Ириклин су қоймасындағы су қоры 24 тамыздағы көрсеткіштер бойынша мынадай болған:

  • 2024 жылы - 3 млрд 143 млн текше метр; 
  • 2025 жылы - 3 млрд 13 млн текше метр;
  • 2026 жылы - 2 млрд 741 млн текше метр су болған.   

Осылайша, қазір су қоймасындағы су көлемі алдыңғы екі жылдың тамыз айындағы деңгейінен аз, ал 2023 жылғы көрсеткішпен шамалас болып тұр.

Инспекция басшысының айтуынша, су көлемі жыл сайынғы гидрологиялық жағдайға байланысты айтарлықтай ауытқып отырады. «Бұл ретте Жайық бассейнінің су ресурстарының тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді өзгеру динамикасын бағалау үшін көпжылдық гидрологиялық бақылау қатарын және климаттық факторларды кешенді түрде қарастыру қажет» дейді Азидуллин.

Бірнеше жыл бұрын жағдай мүлде басқаша еді. Жайық суының тартылып бара жатқаны туралы экологтар бұдан бұрын дабыл қаға бастаған. Әсіресе, 2021 жылы Махамбет ауданында аралдар пайда болғаны есімізде.

Жайық өзені Ресейден бастау алады. Бұл – Атырау облысындағы негізгі су көздерінің бірі. Ол Башқұртстаннан басталып, Ресей Федерациясының Челябі, Орынбор облыстары арқылы ағып өтеді, одан әрі Қазақстанның Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарының аумағын кесіп өтеді. Өзеннің жалпы ұзындығы 2534 шақырымды құрайды, оның 1084 шақырымы Қазақстанға тиесілі.

 Атап айтқанда, Жайыққа Башқұртстан мен Орынбор облысының аумағы арқылы ағатын Сақмара өзені, Ақтөбе облысынан бастау алатын Елек, Қобда, Ор өзендері, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы Шаған, Барбастау және Өтек өзендері құяды. Жоғарғы ағысына Сақмара, Ор, Елек, Қобда, Өтек және басқа да ірі-ұсақ өзендер келіп қосылады.

Жайық өзеніндегі су көлемінің 80 пайызы Ресейде қалыптасса, қалған 20 пайызы Қазақстан аумағында қалыптасады.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 12:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.