Атырау, 26 тамыз 22:31
 дождьВ Атырау +28.5
$ 458.48
€ 534.68
₽ 5.43

​Атырау қысқа дайындық үстінде: 159 үй әлі сынақтан өтпеген

86 рет қаралды
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

«Ақ Жайық» редакциясы Атырау қаласының қысқа дайындығын білу үшін жылумен қамтуда қыста проблема туындамас үшін қазір қандай дайындық жұмыстары жүріп жатқанын сұрап, қала әкімдігіне ресми сауал жолдады. Әсіресе, жылу жүйесінде ақау пайда болып, қыстың ең суық, ызғарлы күндерінде жылу агрегаттарының бәрі авариялық тоқтаған жағдайда қандай резервтік схема ойластырылғаны қызықтырды.

Биыл шілденің ортасында облыс әкімдігінде жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралған жиында облыс көлеміндегі 154 денсаулық сақтау нысаны, 402 білім беру нысаны және 1784 көппәтерлі тұрғын үйдің жылыту маусымына толық дайындығын қамтамасыз ету мәселесі сөз болды. Жиында жылыту маусымына дайындық жұмыстарына 7,5 млрд теңге қаралғаны айтылды. Бұл қаржының 1,6 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, 5,9 млрд теңгесі кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен бөлінген.

Ресми мәлімет бойынша, Атырау қаласында 4 орталықтандырылған және 723 автономды қазандық бар. Соның ішінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі теңгерімінде 13 жылу қазандығы, қаладағы мүліктің меншік иелері бірлестігі (ПИК) теңгерімінде 27 жылу қазандығы бар. Қала қысқа қаншалықты дайын? 

Біздің сауалымызға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы Жаслан Қамзаев қаладағы тұрғын үйлердің 90 пайызы қысқа дайын деген жауап берді. Бір ескертетіні, бұл – Атырау жылу электр орталығы арқылы жылытылатын үйлерге қатысты мәлімет. Облыс көлемінде 1784 көппәтерлі тұрғын үй болса, қалада барлығы – 1253. Соның ішінде 1025 тұрғын үй Атырау жылу электр орталығы арқылы жылытылады. Жылу беретін нысандар атауы мына кестеде көрсетілген:

Қамзаевтың ақпаратына сәйкес, жылыту маусымына дайындық ретінде қалада 15 мамырдан бүгінге дейін 923 көпқабатты үй гидравликалық сынақтан өткен. Оның сөзінше, бұл - орталықтандырылған (ТЭЦ) жылу жүйесінен жылу алатын 1025 үйдің 90 пайызын құрайды. Ол осы аталған үйлердің қысқа толық дайын екенін алға тартты. Қамзаевтың берген мәлметі бойынша, бұдан бөлек, «Атырау Су Арнасы» КМК қазандығы бойынша жылытылатын барлық 14 екіқабатты үйлерде гидравликалық сынақ жүргізу аяқталған. Жеке тұрғын үй кешені бойынша жылу қазандығынан алатын 77 тұрғын үйдің 26-сы, «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету»  ЖШС жеке қазандығы арқылы жылытылатын 58 үйдің 52-сі сынақтан өткен. Жалпы, бөлім тарапынан пәтер иелері кооперативтерінің тапсырысы бойынша қаладағы 1174 көпқабатты тұрғын үйге гидравликалық сынақ жүргізу тиіс болған.

Қамзаевтың сөзінше, 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы аясында жалпы ұзындығы 6,9 км болатын жылу құбырларын ауыстыру жоспарланған. Бұл жұмыстар үш кезеңге бөлініп атқарылады. Оған ашық конкурс жарияланған. Кейін анықтағанымыздай, екі кезеңнің қорытындысы бойынша «Qenes engineering» ЖШС кәсіпорны мердігер ретінде анықталған. Бұл компания бірінші кезең бойынша 1 лоты - 105 млн теңгеге, екінші кезең бойынша 2-ші лотты – 125 млн теңгеге ұтқан. Ал үшінші кезең бойынша конкурс нәтижесі әзірге анықталмаған. Бұл лот бағасы 165 млн теңгеге жарияланған.

Бұдан бөлек, ол «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС күтіп ұстап отырған 13 жылу бекетінде қысқы дайындық жұмыстары, соның ішінде бір жолғы жөндеу және сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Оған қоса аталған жылу беру орталықтары үшін қосымша (резерв) 4 дана жылу қазандығына сұраныс берілген.

Қамзаевтың ақпараты бойынша, қалада жеке жылу қазандықтары арқылы жылытылатын 79 көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл үйлерге 27 ПИК (ОСИ, ЖК, ЖШС) қызмет көрсетеді. ТКШ мәліметі бойынша, қазіргі уақытта қызмет көрсетуші ПИК-тер өз қаражаты есебінен жылу қазандықтарын жуып-шаю жұмыстарын және жылу жүйелерін қысқа дайындау жұмыстарын өз күштерімен жүргізуде.

Сондай-ақ қаладағы орталық жылу желілерін жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Әңгіме - ұзындығы 17 км құбыр желісін ауыстыру жөнінде.

-Жоба аяқталғаннан кейін мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Сараптаманың оң қорытындысы алынған кезде қаражаттың бөлінуіне қарай жұмыстарды кезектілікпен жүргізу жоспарланып отыр, - деп сөзін түйіндепті бөлім басшысы.

Осылайша, қала жариялаған 90% дайындық тек ЖЭО‑ға қосылған үйлерге қатысты. Ал гидравликалық сынақтар жоспарланған барлық 1 174 көпқабатты үй бойынша бүгінгі нақты көрсеткіш шамамен 86,5% құрайды.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 21:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.