Атырау, 26 тамыз 13:02
 дождьВ Атырау +24.9
$ 458.48
€ 534.68
₽ 5.43

Атырауда жаңа әуежай терминалының құрылысы басталады

60 рет қаралды

Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайды ауқымды жаңғырту жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен кеңесте жаңа жолаушылар терминалын салудың жол картасы таныстырылды.

Ұсынылған жол картасы бойынша 1 қыркүйекте жаңа терминал салынатын құрылыс алаңы дайындала бастайды, ал үшінші онкүндікте жұмысшылар іргетас шұңқырын қазуға кіріседі. Жобада әуежайдың қазіргі инфрақұрылымын ескере отырып, жаңа терминал салу көзделген.

Жиында энергиямен жабдықтау мәселесі де айтылды. Облыс әкімі жауапты басқармаларға қосалқы станция салуды қарастырып, апта аяқталғанша соның сызбанұсқасын ұсынуды тапсырды.

— Электр энергиясы, су және басқа да коммуникацияларға қатысты жұмыс құрылыспен қатар жүруі тиіс. Бұған қоса, өрт сөндірудің заманауи жүйелерін және жаңбыр суын жердің астындағы қазандарға жинап, кейін оны тамшылатып суаруға пайдаланатындай тәсілдерді қолдануымыз керек, — деді аймақ басшысы Болат Ақшолақов.

Облыс әкімі болашақ терминалдың архитектуралық келбетіне де айрықша тоқталды. Оның сөзінше, ғимараттың дизайнында Атырау өңіріне тән айрықшалық көрініс тауып, терминал өңірдің бет-бейнесіне айналатындай және қаланың бірыңғай тұжырымдамасына кірігетіндей болуы шарт. Бұл ретте урбанистермен бірге терминалдың дизайны мен сыртқы келбетін пысықтау тапсырылды.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға апта аяғына дейін жаңа терминалға қатысты архитектуралық шешімдер мен жалпы тұжырымдама ұсыну жүктелді.

Сурет: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін, 11:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.