
Атырауда электр желісінде жұмыс істеген кезде ауыр жарақат алған электромонтер сот арқылы жұмыс берушінің толық кінәсін дәлелдей алды. Бұған дейін арнайы комиссия жауапкершіліктің бір бөлігін зардап шегушінің өзіне аудармақ болған еді.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 19 желтоқсанда орын алды. «Атырау-Жарық» компаниясының электригі электр желісінің бағанында болып, бригада құрамында жоспарлы тапсырманы орындап жатқан. Жұмыс басталмас бұрын диспетчерге осы учаскені токтан ажырату туралы тапсырма берілген. Желінің өшірілгені туралы растау алғаннан кейін монтерлер жөндеуге кіріседі.
Дегенмен, кейіннен диспетчер бағанда адамдардың бар екенін біле тұра, салғырттық танытып, бригаданы ұмытып кетеді де, «желінің жұмыс қабілетін тексеру» үшін электр тоғын қайта қосады. Биіктікте тұрған жұмысшыны қуаты күшті ток соғады.
Дәрігерлер ер адамның өмірін сақтап қалғанымен, салдары ауыр болды — жәбірленушінің қолы мен аяғын кесуге тура келді.
Кейін Арнайы тергеп-тексеру комиссиясы қайғылы оқиғаға зардап шегушінің де кінәсі бар деп шешіп, жауапкершілік дәрежесін бөліп береді: 80 пайызы — жұмыс берушіге, 20 пайызы — жұмысшыға («өрескел абайсыздыққа жол берді» деген желеумен). Мұндай үкіммен келіспеген ауыр жарақат алған электрик Атырау облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына (МАӘС) жүгінді.
Сот талқылаулары барысында жұмысшының қатаң түрде нұсқаулық бойынша әрекет еткені, III рұқсат тобының болғаны және басшылықтың толық бақылауында болғаны анықталды. Оның тарапынан ешқандай ереже бұзушылық болмаған — қайғылы жағдай тек диспетчердің салғырттығынан және токтың кездейсоқ қосылуынан қорғайтын жүйенің жоқтығынан орын алған.
«Сот комиссияның талап қоюшының әрекетінде өрескел абайсыздық бар деген қорытындысын негізсіз деп таныды. Іс материалдарымен талап қоюшының жазатайым оқиғаның орын алуына әсер еткен қандай да бір әрекеттерді жасағаны расталмады», — деп хабарлады Атырау облыстық МАӘС-та.
Нәтижесінде сот тергеу актісінің бұл тармағын заңсыз деп танып, жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз, ал жұмысшының кінәсін 0 пайыз етіп белгіледі.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Ол заңды күшіне енді. Енді жарақат алған электрик кәсіпорыннан өтемақыны толық көлемде талап етуге құқылы.
В Атырау +37