Атырау, 25 тамыз 18:01
 дождьВ Атырау +37
$ 457.99
€ 534.15
₽ 5.47

Шығарындылардың 83,8%-ы кәсіпорындардың еншісінде: Атырауда ауа сапасын сақтап қалудың бірыңғай жоспары әзірленіп жатыр

103 рет қаралды
Сурет: облыс әкімінің баспасөз қызметі
Сурет: облыс әкімінің баспасөз қызметі

Атырау облысында ауаға шығарылатын ластаушы заттарды азайту бойынша бірыңғай кешенді жоспар әзірленеді. Мұндай тапсырманы өңір әкімі Болат Ақшолақов экологтар мен ірі кәсіпорындардың топ-менеджментінің қатысуымен өткен арнайы кеңесте берді.

Ұсынылған зерттеулерге сәйкес, Атырау қаласы мен іргелес өнеркәсіптік аумақтардағы ауаға шығарылатын ластаушы заттардың жиынтық есептік көлемі жылына шамамен 132 мың тоннаны құрайды. Негізгі салмақ өнеркәсіптен түседі. Ал нақты қала бойынша есептік шығарындылардың шамамен 83,8%-ы өнеркәсіптік кәсіпорындардың еншісінде.

Негізгі ластаушы заттар — азот диоксиді, көміртек оксиді, күкірт диоксиді және көмірсутектер. Жағымсыз иіс көзінің бірі саналатын H₂S (сутегі сульфиді) мен меркаптандарға да ерекше назар аударылды. Олар өнеркәсіп нысандарынан да, кәріз сорғы станцияларынан, су бұру желілері мен булану тоғандарынан да тарауы мүмкін. 

Есептік жүктеме негізінен Химиктер ауылы, Құрсай, Авангард және Самал аудандарында басымырақ.

“Бізге тек көрсеткіштің шекті белгіден асуын тіркеп қоймай, нақты қай жер қандай көлемде ластаушы заттар бөлгенін, оның құрамы қандай болғанын түсінуіміз қажет. Алдымен сенімді мониторинг жүйесін құрып, содан кейін барып шаралар қолданылуы тиіс”, — деп атап өтті Болат Ақшолақов.

Жиын қорытындысы бойынша ірі кәсіпорындарға:

нақты көрсеткіштері бар ластаушы заттарды азайтудың кезең-кезеңнен тұратын жоспарын дайындау, автоматтандырылған өндірістік экологиялық бақылауды қамтамасыз ету, ұйымдастырусыз шығарындыларды, факель операциялары мен газдың шығуына бақылауды күшейту, сондай-ақ қолайсыз метеорологиялық жағдайлардағы іс-қимыл тәртібін анықтау тапсырылды. Мұнай-газ және мұнай-химия кәсіпорындары үшін LDAR (Leak Detection and Repair) жүйесін енгізу ұсынылды.

Экологиялық мониторинг деректерін болашақта құрылатын Atyrau Smart City жүйесіне қосу көзделіп отыр. Бұл орайда жабдықтардың бір-біріне сәйкестігіне, өлшемдердің дәлдігі мен дерек жіберудің бірыңғай форматына қатысты техникалық мәселелер пысықталы тиіс.

Сонымен қатар Атыраудың жасыл экологиялық қаңқасын қалыптастыру жоспары өз алдына жеке бағыт болады. Онда Дендропаркті, Климатронды, Жайық жағалауын, Ерік Мостовой аумағын және қаланың басқа да жасыл кеңістіктерін дамыту көзделген. Бұған қоса, түйткілді экологиялық проблемалары бар учаскелерді рекультивациялау жоспарда бар.

“Біздің міндетіміз — өнеркәсіптің дамуын тежеу емес, оның өсуі халыққа экологиялық тұрғыда қосымша салмақ салмауын қамтамасыз ету”,— деп атап өтті облыс әкімі.

Апта аяғына дейін өнеркәсіптік шығарындыларды азайту бойынша өңірлік бірыңғай жоспардың алгоритмін дайындайтын экологтардан, заңгерлерден және кәсіпорын өкілдерінен құралған жұмыс тобын құрылады. 

Бүгін, 16:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.