Атырау, 25 тамыз 17:21
 дождьВ Атырау +37
$ 457.99
€ 534.15
₽ 5.47

Қазақстан көршілеріне отын жеткізуді көздейді: ол үшін қандай жұмыс атқарылмақ

60 рет қаралды

Қазақстан шикі мұнай өндіру мен оны ел ішінде өңдеу арасындағы теңгерімді түбегейлі өзгертуді көздеп отыр. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда жылына 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндіріледі, алайда отандық МӨЗ-дерде бар-жоғы 19 миллион тоннадай ғана өңделеді. Түсініктірек айтқанда, өндірілген әрбір бес тонна мұнайдың бір тоннасы ғана өңдеуден өтеді.

Энергетика министрлігі бұл пропорцияны өзгертіп, терең өңдеу көлемін әлемдегі жетекші мұнай өндіруші мемлекеттердің деңгейіне жеткізуді жоспарлап отыр.

«Біз бұл қатынасты мұнай өндірумен айналысатын кез келген басқа өркениетті елдердегідей екі де бір немесе үш те бір деңгейіне дейін жеткізгіміз келеді. Бұл үшін Қазақстандағы жиынтық қуаттылықты жылына 40 миллион тоннаға дейін арттыруды көздейтін мұнай өңдеуді дамыту тұжырымдамасы әзірленді», — деп хабарлады Ақкенженов.

Министр атап өткендей, қуаттылықты арттыру елдің ішкі қажеттіліктерін жауып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де едәуір көтеруге мүмкіндік береді. Қазақстан дайын мотор отынын көршілес мемлекеттерге жеткізуді жоспарлауда.

«Біздің өңірде Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы ресурстық елдер болып табылатыны ешкімге құпия емес. Сондықтан, болашақта біз көршілерімізді сапалы отынмен қамтамасыз ете аламыз деп есептеймін», — деп атап өтті Энергетика министрлігінің басшысы.

Үкімет жоспарына сәйкес, Қазақстан шикізатты өңдеу көлемін жылына 40 миллион тонна өндіру көрсеткішіне 2033 жылға қарай қол жеткізуді көздеп отыр.

Бүгін, 16:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.