
Қазақстан Энергетика министрлігі Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) жоспардан тыс тексеріс бастады. Бұған Астана қаласы жүргізушілерінің АИ-95 және АИ-98 маркалы бензинді құйғаннан кейін көліктерде ақау пайда болғаны туралы шағымдары себеп болды.
Үкіметте өткен брифингте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл мәселені жеке бақылауына алғанын хабарлады. Кәсіпорынға арнайы комиссия аттанды.
«Маған министр ретінде де, Энергетика министрлігіне де бұл мәселе белгілі. Кеше менің орынбасарым, вице-министр Тұтқышбаев Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасарымен бірге Павлодарға жіберілді. Олар қазір Павлодар зауытында отын сапасы бойынша бұзушылықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр», — деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе отын өндіру кезіндегі технологиялық ақаудан туындауы мүмкін. Қазіргі уақытта АЗС пен МӨЗ басшылығы жауапкершілікті бір-біріне сілтеуде: май құю станциялары зауытты айыптаса, МӨЗ тасымалдау және сақтау шарттарынан көреді.
«Біз мұның бәрін анықтап, жақын арада нүктесін қоямыз», — деп сендірді Ақкенженов.
Сапалы отын тапшылығын жою үшін елордаға жаңа бензин партиясы, соның ішінде Атырау МӨЗ-інен жіберілді. Энергетика министрлігі жағдайды жақын күндері тұрақтандыруға уәде беріп отыр.
Павлодар МXЗ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрылымына кіреді.
В Атырау +30.4