
Алматыда «Фармактив» ЖШС иесі әрі директоры, 56 жастағы Ливан азаматы Зогби Фернандқа үкім шықты. Кәсіпкер медициналық бұйымдардың жалған өндірісін ұйымдастырғаны және «СК-Фармацияны» 14 миллиард теңгеден астам сомаға алдағаны үшін нақты жаза алды, деп хабарлайды Kazachkov offside телеграм-арнасы.
Айланың құпиясы
Фернандтың компаниясы он жылға жуық уақыт бойы қан құрамындағы глюкоза мөлшерін бақылау құрылғыларын сатумен айналысқан. Мемлекеттік сауда-саттықта артықшылыққа ие болу үшін кәсіпкер өз өнімдерін қазақстандық өндіріс ретінде көрсетуге шешім қабылдаған. Ол қажетті тіркеу куәліктерін рәсімдеп, сонымен қатар «Атамекен» ҰКП-дан «CT-KZ» сертификаттарын алған.
2017 жылы қазақстандық сертификаттың болуы «Фармактив» ЖШС-не «СК-Фармациямен» 17 миллиард теңгеге медициналық бұйымдарды жеткізуге 10 жылдық келісімшарт жасасуға мүмкіндік берді.
Дегенмен, елде іс жүзінде өндіріс болған жоқ. Отандық тауар деген желеумен Қазақстанға дайын құрылғылар мен тест-жолақтары бар парақтар жеткізіліп, компания қызметкерлері оларды қолдан кесіп, өңдеп, «CodeFree» брендімен қаптаған. Осы өнімдер кейін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде медициналық мекемелерге жеткізіліп отырған.
«Отандық өндіруші» мәртебесінің арқасында ливандық салықтық және кедендік жеңілдіктерді де пайдаланған. Оның ішінде бюджетке төленбеген ҚҚС сомасы 500 миллион теңгеден асқан.
Әшкерелеу және үкім
Схеманың жолын ҰҚК қызметкерлері кесті. 2025 жылы кәсіпкер ұсталды. Сотта шетел азаматы кінәсін мойындаған жоқ, бірақ оның қол астындағы қызметкерлері басшылықтың тікелей нұсқауымен мемлекеттік органдарға арналған құжаттарды қолдан жасау және үшінші тұлғалар үшін келісімшарттарға қол қою дерегін растады.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «СК-Фармацияға» келтірілген жалпы шығын 14 миллиард теңгеден асты.
Сот Зогби Фернандты алаяқтық үшін кінәлі деп танып, оны 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті. Бұдан бөлек, сотталғаннан 15 миллиард теңгеден астам қаржы өндіріліп, оның ақшалай қаражатына, туыстарының шоттарына, жылжымайтын мүлкі мен автокөліктеріне кейіннен тәркілеумен тыйым салынды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау +23