Атырау, 24 тамыз 18:42
 дождьВ Атырау +35.7
$ 456.88
€ 534.64
₽ 5.47

БЖЗҚ зейнетақы жинағын қолма-қол ақшаға айналдыру схемасы атыраулық тұрғынды бір миллион теңге шығынға батырды

96 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

Алаяқ әйел зейнетақы жинағын қолма-қол ақшаға айналдырып беруге уәде беріп, алған бір миллион теңгені бұрынғы алаяқтығы бойынша жәбірленушілерге болған қарыздарын өтеуге жұмсаған.

Бәрі WhatsApp желісіндегі жарнамадан басталған. Атырау тұрғыны танысының статусынан БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағын шешіп алуға көмектесу туралы хабарландыруды көріп, көрсетілген нөмірге жазған.

Хабарландырудың артында 32 жастағы Г.К. тұрған еді. Ол БЖЗҚ-дағы ақшаны сақтандыру компаниясы арқылы алуға болатынына сендірген. Алдымен жеке куәліктің көшірмесін сұрап, кейін қаржылық есепті түсіндірген: 267 865 теңге төлеу қажет, содан кейін сақтандыру компаниясы бонуспен бірге 4,351 млн теңге береді-мыс. Тағы 7%-ды Г.К. өз қызметі үшін бағалаған. Нәтижесінде клиентке қолға 4 046 430 теңге тиеді деп уәде берілген.

Атыраулық тұрғын бұған сеніп, алғашқы соманы аударған.

Кейін тағы да ақша қажет екені белгілі болған. Г.К. сақтандыру компаниясы жақында өтінім қабылдауды тоқтататынын, бірақ қазір миллион теңгелік жеңілдік жүріп жатқанын хабарлаған. Бұл мүмкіндік үшін тағы 169 800 теңге төлеуге тура келген.

Одан кейін жәбірленушінің күйеуінің зейнетақы жинағы туралы сөз қозғалған. Оған көмектескені үшін Г.К. тағы 270 мың теңге сұраған. Ал екі аптадан кейін процесті «жеделдету» үшін тағы 352 903 теңге қажет болған.

Осылайша, 23 қаңтардан 17 ақпанға дейін төрт аударым арқылы атыраулық әйел оған жалпы 1 060 568 теңге жіберген.

Уәде етілген миллиондарды ол көрген жоқ. Г.К.-да зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдырудың ешқандай мүмкіндігі болмаған. Уәде созылып кеткенде, әйел өзінің алданғанын түсініп, полицияға шағымданған.

Сотта Г.К. кінәсін мойындады. Сонда ерекше бір деталь анықталды: ол жаңа жәбірленушінің ақшасын өзінің бұрынғы ісі бойынша жәбірленушілерге болған қарыздарын өтеуге жұмсаған.

Алаяқтық үшін Г.К. 2024 жылы да сотталған болатын. Ол кезде оған 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Кейін рақымшылық бойынша мерзімі қысқартылып, 2026 жылдың мамырында қалған жазасынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. БЖЗҚ-мен байланысты жаңа схеманы ол пробациялық бақылауда жүрген кезде жасаған.

Сотқа дейін Г.К. жәбірленушіге 200 мың теңгені қайтарды. Сот одан тағы 860 568 теңгені өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Жаңа алаяқтығы үшін оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, бұрынғы жазасынан тағы алты ай қосылды. Нәтижесінде — орташа қауіпсіздік колониясында 2 жыл 6 ай жаза кесілді.

Дегенмен, 32 жастағы сотталушы әзірге темір торға қамалмайды. Оның төрт баласы бар, ең кішісі енді ғана бір жасқа толған. Сондықтан сот жазаны орындауды үш жылға шегеріп, әйелді пробация бақылауына берді.

Егер шегеру шарттары бұзылса, ол тағайындалған мерзімді өтеуге жіберілуі мүмкін.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 17:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.