
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында QR-код арқылы жасалған төлемдер саны POS-терминалдардағы карталық төлемдерден 38%-ға артық болды. Операциялар көлемі бойынша айырмашылық – 13%.
Ұлттық банк дерегіне сәйкес, қазақстандықтар жарты жылда 7,1 млрд қолма-қол емес транзакция жасап, олардың жалпы көлемі 92,1 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда саны бойынша 5,1%-ға, ал көлемі бойынша 4,2%-ға көп.
Қазір қолма-қол емес төлемдердің шамамен 90%-ы интернет, мобильді қосымшалар және QR арқылы жүзеге асырылады. Күн сайын орта есеппен 39 млн-нан астам операция жасалып, шамамен 509 млрд теңге айналымға түседі.
ҚҚҚ бас аналитигі Рамазан Досовтың айтуынша, Қазақстан тұтынушылық төлемдерде қолма-қол емес модельге өте жақын. Алдағы өсім жаңа пайдаланушыларды тартудан гөрі цифрлық төлемдерді жиі қолдану және олардың аймақтар мен шағын бизнеске кеңінен таралуы есебінен болады.
Шілде айында Ұлттық банк жаңа инфрақұрылым ретінде банкаралық мобильді төлем жүйесін іске қосты. Ол телефон нөмірі мен QR-код арқылы банктер арасындағы операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді. Бір айда жүйе 8 млн-нан астам транзакцияны, жалпы көлемі 210 млрд теңгені өңдеді.
Тенденция көрсеткендей, төлемнің дәстүрлі сценарийі өзгеріп келеді: физикалық картаның орнына смартфон мен банк қосымшасындағы бірнеше әрекет жеткілікті. QR төлемдер POS-терминалдардағы карталық төлемдердің үлесін қысқартуы мүмкін, бірақ карталар онлайн-сатып алулар мен халықаралық есеп айырысуда маңызды рөлін сақтап қалады.
В Атырау +34.8