
Бағасы уәде етілген лауазым деңгейіне байланысты белгіленіп отырған: 500 мыңнан 2,2 млн теңгеге дейін.
31 жастағы А.Р. өзі де Теңіз кен орнындағы «Novus bolashak» ЖШС-де жұмыс істеген: алдымен әкімші, кейін «кілтші» (вахталық нысандағы бөлмелердің кілтін беретін және қабылдайтын маман) болған. Сондықтан адамдардың оның мүмкіндіктеріне күмән келтіруіне еш себеп болмаған.
2024 жылдың жазында ол таныстары арқылы бір ер адамға шығып, оны 500 мың теңгеге электрик етіп жұмысқа орналастыруды ұсынған. Ол ақшаны картаға аударған. Алайда жұмысты күтіп шаршаған соң, ақшасын кері талап ете бастайды. А.Р. 100 мың теңгені қайтарып, тағы 400 мың теңге қарыз болып қалады.
Ал Теңізде бірге жұмыс істеген әріптесіне берген уәдесі әлдеқайда қымбатқа түскен. Ол әріптесіне айлығы 1,8 млн теңге болатын өзінің «кілтші» орнына ауысуды ұсынған. Бұл қызметі үшін 2,2 млн теңге сұраған.
Бұл аз ақша емес, сондықтан ер адамға тіпті несие алуға тура келген. Ақшаны бергенімен, жаңа лауазымға бәрібір өте алмаған.
2,2 млн теңгені қайтаратын уақыт жеткенде, қолында бардың бәрі есеп айырысуға жұмсалған: ақшалай бөліп төлеу, робот-шаңсорғыш, асүй техникасы және ыдыс-аяқ. Тіпті видео мен аудиохабарламалар да дәлел ретінде қалған. Солардың бірінде А.Р. әріптесіне: «Есен, ренжіме, жұмысқа орналастыра алмадым, ақшаңды қайтарып беремін», — дейді. Нәтижесінде 2,2 млн теңгенің қайтарылмаған 1,7 млн теңгесі қалады.
Ал 2026 жылдың ақпанында ол 500 мың теңгеге тағы бір адамға техник-механик орнын уәде еткен. Ол азамат көрсетілген екі Kaspi-шотқа 120 мың теңге аударып, қалған 380 мың теңгені Baizaar сауда орталығында кездескенде қолма-қол берген. Ол да жұмысқа орналаса алмаған.
Осылайша, уәде етілген үш жұмыс орны үшін А.Р. жалпы 3,2 млн теңге алған. Бәрін қайтарып үлгермей, жәбірленушілерге 2,6 млн теңге шығын келтірген.
Бұл әрекеттерінің себебін ер адам құмар ойындарына әуестігімен түсіндірді. Ол құмар ойынына салынып, ақша қажет болғандықтан жұмысқа орналастырамын деп уәде бере бастағанын айтқан.
Шындығында ол тек екі эпизодты ғана мойындады. Ал 2,2 млн теңгеге қатысты ол әріптесінен ақшаны қарызға алғанын және оның жұмыс орнын сатуға еш қатысы жоқ екенін алға тартты. Дегенмен, оның жұмысқа орналастыра алмағаны және ақшаны қайтаратыны туралы айтқан бейнежазбасы бұл сөзін теріске шығарды.
31 жастағы А.Р. алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 4 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылық бойынша жаза мерзімі 3 жыл 3 айға дейін қысқартылды. Сонымен қатар ол жәбірленушілерге 2,6 млн теңгені қайтаруы тиіс.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +31