Атырау, 24 тамыз 11:15
 дождьВ Атырау +24.1
$ 456.88
€ 534.64
₽ 5.47

Қазақстанды қолайсыз ауа райы шарпымақ: кей өңірде дауыл, батыста аптап ыстық болады

61 рет қаралды

«Қазгидромет» РМК синоптиктері Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жариялады. Өңірлерде бұршақ, қатты жел және нөсер жаңбыр күтіледі. Ал еліміздің батысында аптап ыстық орнайды.

Астана, Алматы және Шымкент

Астана: 24 тамызда кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз бұршақ жауып, дауылды жел соғуы мүмкін. Түнде және таңертең қалада тұман түседі. Солтүстік-шығыс және солтүстік желдің жылдамдығы күндіз 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Алматы: 23 тамыздың екінші жартысында және 24 тамызда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15–18 м/с-қа дейін жетеді. 24 тамызда қала аумағында және таулы аймақтарда, атап айтқанда Іле Алатауы, Медеу және Бостандық аудандарында қатты нөсер, бұршақ және екпіні 23 м/с-қа дейін жететін жел күтіледі. Төтенше өрт қаупі сақталады.

Шымкент: 24 тамызда күн құрғақ әрі желді болады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Төтенше өрт қаупі жарияланды.

Өңірлерде дауылды жел мен нөсер жаңбыр

Қолайсыз ауа райының эпицентрі Жетісу облысында болады. Алакөл көлдері аумағында желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары, яғни дауылды деңгейге жетеді. Облыстың таулы аудандарында қатты жаңбыр жауып, бұршақ жаууы мүмкін.

Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай облысында да қатты нөсер, бұршақ және шквалды жел күтіледі. Бұл өңірлерде желдің екпіні 20–28 м/с-қа дейін жетеді.

Түркістан және Жамбыл облыстарында найзағай болады. Таулы аудандарда желдің жылдамдығы 23–25 м/с-қа дейін күшейеді. Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл соғуы мүмкін.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында түнде және таңертең тұман түсіп, кей жерлерде жаңбыр жауады.

Батыста аномальды ыстық

Еліміздің шығысы мен орталығында жаңбыр жауып жатқанда, Қазақстанның батысында аптап ыстық орнайды.

Маңғыстау облысында: күндіз ауа температурасы +38…+42 °C-қа дейін көтеріледі.

Атырау облысында: ауа температурасы +35…+39 °C-қа дейін ысиды.

Батыс Қазақстан облысында: температура +35…+38 °C-қа дейін көтеріледі. Сонымен қатар күндіз өңірдің батысында өткінші жаңбыр, найзағай және бұршақ жаууы мүмкін.

Бүгін, 09:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.