Атырау, 21 тамыз 16:14
 дождьВ Атырау +32.1
$ 458.23
€ 535.99
₽ 5.46

Қазақстандықтарға Кореяда еңбек ету шарттары жарияланды

87 рет қаралды

Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы жұмысқа орналасу тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан түсіндірілді. 

Практикалық іріктеу Алматы қаласында ашылатын EPS орталығында басталады. Мұнда кандидаттардың корей тілін меңгеру деңгейі арнайы EPS-TOPIK тесті арқылы анықталады, сонымен қатар олардың кәсіби білімі мен дағдылары бағаланады. Кореяға аттанар алдында жұмысшылар міндетті дайындықтан өтеді. Іріктеу барысында азаматтың білімі, еңбек өтілі және кәсіби сертификаттары ескеріледі.

Жұмысқа баруға 18–39 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Олар сотталмаған болуы, Кореядан бұрын күштеп шығарылмағаны және елге кіруге тыйым салынбағаны шарт. Қазақстаннан шетелге шығуына шектеу болмауы тиіс. Кандидаттар балдық жүйе арқылы бағаланып, барлық кезеңнен өткендер ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Бұл үшін жарамды төлқұжат пен медициналық тексеруден өту міндетті. Жеке мәліметтерде білімі, тәжірибесі, сертификаттары, тест нәтижелері және қалаған жұмыс түрі көрсетіледі. Осы ақпарат негізінде корейлік жұмыс берушілер өздеріне қажетті қызметкерді таңдайды.

Маңыздысы – емтиханнан өту және ресми тізімге енгізілу автоматты түрде жұмысқа орналасуды білдірмейді. Кандидаттарды түпкілікті таңдау құқығы тек жұмыс берушілерге тиесілі. EPS жүйесі бойынша қабылданатын қазақстандықтардың саны жыл сайын Корея тарапы белгілейтін квотаға сәйкес анықталады. Жұмыс беруші таңдаған соң еңбек шарты ұсынылады, онда жұмыс уақыты, еңбек жағдайлары және басқа талаптар түсіндіріледі. Қол қойылғаннан кейін шарттың түпнұсқасы қызметкерге беріледі.

Кореяға жұмысқа барар алдында азаматтар Алматыдағы EPS орталығында дайындықтан өтеді. Дайындық аяқталған соң жұмыс визасы рәсімделіп, азамат жұмыс орнына аттанады. EPS жүйесі бойынша жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін, ал заңнамаға сәйкес тағы бір жыл он айға дейін ұзартуға болады. Белгіленген мерзімді толық аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтқан жұмысшыларға кейін қайта баруға жеңілдетілген мүмкіндік беріледі.

Еңбек министрлігі азаматтарға тек ресми мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың ақпаратын пайдалануды ескертеді. 

«Жұмысқа міндетті түрде орналастырамыз» немесе «іріктеуден тыс тізімге енгіземіз» деп уәде беретін жеке делдалдарға сенуге болмайды. Себебі түпкілікті таңдау тек корейлік жұмыс берушілердің құзырында. Тіркеудің нақты басталу мерзімі, құжат тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK тестінің уақыты және басқа кезеңдер туралы ақпарат министрліктің ресми ресурстарында жарияланады.

Бүгін, 14:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.