
Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприэлья елдің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларында төтенше жағдай режимін енгізді. Бұл шешім 30 күнге есептелген және апат салдарын жоюға бағытталған, деп хабарлайды Евронью́с.
Төтенше жағдай президентке парламенттің келісімінсіз жарлықтар шығаруға мүмкіндік береді. Конституцияға сәйкес, мұндай режимді бір жыл ішінде екі рет ұзартуға болады, бірақ жалпы мерзімі үш айдан аспайды.
Оппозиция өкілі Иван Сепеда бұл өкілеттіктер шетелдік әскери контингенттердің елде тұрақты болуына жол ашуы мүмкін деп ескертіп, мұндай операциялар Сенаттың мақұлдауын қажет ететінін еске салды. Президент өз кезегінде әрбір жұмсалатын қаржы ашық әрі жауапты түрде пайдаланылатынын айтты.
Жарияланған 29 беттен тұратын құжатта нақты жедел шаралар көрсетілмеген, бірақ апаттан кейінгі дағдарысты еңсеру жолдары ұсынылған. Президент табиғи ресурстардан түсетін кірістерді бөлетін General de Regalías жүйесін, наркоторроризмге қарсы күреске арналған FRISCO қорын, сондай-ақ шағын және орта бизнес пен туризм секторына қолдау желісін пайдалануды жоспарлап отыр.
Жаңа режим Антьокия, Кальдас, Каука, Чоко, Киндио, Рисаральда, Кундинамарка, Уйла, Валье, Толима, Путумайо, Норте-де-Сантандер, Боливар, Нариньо және Сукре департаменттерін қамтиды. Жер сілкінісі әсіресе Кали мен Перейра қалаларына және шалғай ауылдарға ауыр зардап тигізді.
Үкіметтің соңғы деректеріне сәйкес, жер сілкінісінен кемінде 319 адам қаза тапқан, 4437 адам жарақат алған, 260-қа жуық адам із-түзсіз жоғалған. 115 мыңнан астам тұрғын баспанасыз қалған: 30 664 үй қираған, 136 946-сы бүлінген, 302 ғимарат құлаған, тағы 5809 нысан құрылымдық зақым алған.
12 тамызда болған магнитудасы 7,4 жер сілкінісінен кейін жаңа президент елде апат режимін жариялаған еді.
В Атырау +32.1