Атырау, 21 тамыз 11:50
 дождьВ Атырау +22.4
$ 458.23
€ 535.99
₽ 5.46

Қаражаты мезгілінде төленсе, «Квадрат» уақытылы тапсырылады

97 рет қаралды

Булану алаңын тазарту, сондай-ақ оң жақ жағалаудағы кәріз-тазарту құрылыстарын (КТҚ) қайта жаңарту жұмыстары уақытылы қаржыландырылған жағдайда биыл аяқталады.

Еске сала кетейік, ауданы 500 гектарды құрайтын «Квадратты» тазарту жұмыстары 2022 жылы тұндырғышқа жақын орналасқан ескі КТҚ-ны қайта жаңартумен қатар басталған еді. Тапсырыс беруші – қалалық ТҮКШ бөлімі, бас мердігер – «Павлодар өзен порты» АҚ.

Жобада екі нысанды да пайдалануға бір мезгілде тапсыру қарастырылған, жұмыстарды аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді, сонымен бірге жобаның құны да өсті. Ағымдағы жылы кезекті, болмашы болса да, қымбаттады.

«Квадратты» тазарту құны 7,2 млрд теңгеден 7,3 млрд теңгеге дейін, ал КТҚ-ны қайта жаңарту бағасы 39,7 млрд теңгеден 40,1 млрд теңгеге дейін өсті. Қалалық әкімдіктің ақпараты бойынша, бұл биыл Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістермен және қосылған құн салығы ставкасының 16%-ға дейін өзгеруімен байланысты.

Маусым айында баспасөз туры кезінде бас мердігер өкілі БАҚ-қа тапсырыс беруші тарапынан «Квадрат» бойынша жұмыстарға уақытылы төлем жасалмағанын хабарлады. Оның айтуынша, 2026 жылға аванстық төлем алынбаған, ал компания жұмыстарды өз қаражаты есебінен орындап жатыр.

Соңғы мерзімнің кейінге шегерілуі мүмкін екені туралы ишараны қала әкімдігі былай деп түсіндірді: «2026 жылы аталған жоба бойынша аванстық төлемді қарастырмайтын қосымша келісімшарт жасалды. Төлем шарт пен қосымша келісімшарт талаптарына сәйкес іс жүзінде орындалған жұмыстар бойынша жүзеге асырылады». Бүгінгі таңда «Квадратты» тазартуға қарастырылған 7,3 млрд теңгенің 4,3 млрд теңгесін «Павлодар өзен порты» алды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, булану алаңдарында 1,7 млрд текше метр ластанған тұнба бар, оның 930 мың текше метрден астамы тазартылған (бұл көрсеткіш наурыз айынан бері іс жүзінде өзгерген жоқ, – авт. еск.). КТҚ-ны қайта жаңартуға келетін болсақ, онда құрылыс-монтаждау жұмыстары 82%-ға орындалды.

«Кажетті қаржыландыру қамтамасыз етілген жағдайда, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр», – делінген ведомство хатында. Ал жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Жұмыстар аяқталғаннан кейін «Квадраттың» тазартылған суын кәсіпорындардың техникалық қажеттіліктеріне, көлік жуу орындарына және жасыл желектерді суаруға пайдалану жоспары бар. Булану алаңдарын қоршап, іргелес аумақты көгалдандыру мен абаттандыру көзделіп отыр.

Лев ГУЗИКОВ

Бүгін, 10:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.