
Ішкі істер министрлігі жүргізген жедел-тергеу іс-шаралары нәтижесінде Павлодар облысының Екібастұз қаласында синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана анықталып, қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті тұрғындар — ағайынды екі азамат ұсталды. Олар тұрғын үй ауласындағы гаражды жабдықтап, ірі көлемде «альфа-PVP» психотроптық затын синтездеп отырған.
Тінту барысында тәркіленгендер:
10 келіден астам дайын есірткі
860 литр химиялық сұйықтық
300 литрлік реактор-сыйымдылық
зертханалық ыдыстар, таразылар және жеке қорғаныс құралдары
Күдіктілердің әрекеттерін «Signal» мессенджеріндегі куратор үйлестіргені анықталды. Ол өндіріс процесін бақылап, прекурсорларды жасырын орындарда қалдырып отырған.
Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұйымдастырушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалуы мүмкін.
ІІМ Қазақстанда есірткі өндірісін жолға қоюға бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті. Полиция азаматтарды заң мен тәртіпті сақтауға шақырады.
В Атырау +26.8