
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі ресейлік тараптан қазақстандық мұнай жеткізілімін Балтықтағы Усть-Луга портынан Новороссийскіге қайта бағыттау туралы шешім жөнінде ресми ақпарат алмағанын мәлімдеді.
Ведомство барлық бағыттар, соның ішінде Ресейдің екі порты бойынша мұнайды тасымалдау мен экспорттау процесін бақылауды жалғастырып жатқанын хабарлады.
Энергетика министрлігі отандық шикізаттың бірнеше бағыт бойынша экспортталатынын, бұл жекелеген бағыттардағы жағдайға байланысты жеткізілімді реттеп отыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ведомство, сондай-ақ, ресейлік тараппен және тасымалдаушы компаниялармен өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыруда.
Бұған дейін Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, Ресей тамыз айының аяғынан бастап кем дегенде қыркүйектің соңына дейін қазақстандық мұнайды Усть-Лугадан Новороссийскіге қайта бағыттауды көздеп отырғанын хабарлаған еді. Босаған Балтық қуаттылықтары ресейлік шикізатты экспорттау үшін пайдаланылады деп болжануда.
Агенттіктің мәліметінше, Усть-Луга арқылы тиеу жоспарланған KEBCO маркалы қазақстандық мұнайдың кем дегенде екі партиясы Новороссийскіге жіберілген болуы мүмкін. Қыркүйек айына Балтық порты арқылы KEBCO жеткізілімі қарастырылмаған сияқты. Бұл тәулігіне шамамен 100 мың баррельге жуық қуаттылықты босатуға мүмкіндік береді.
Маршруттың өзгеруі ұшқышсыз аппараттардың шабуылдары аясында Қара теңіз арқылы ресейлік мұнайды тасымалдау тәуекелдерінің артуымен байланыстырылады. Қазақстандық шикізат халықаралық санкцияларға ілікпеген, сондықтан оны тасымалдау үшін танкерлер табу оңай.
Осылайша, бағыттың өзгеруі мүмкін екені туралы хабарламалар әзірге тек Reuters дереккөздерінің мәліметтеріне негізделген. Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстан ресейлік тараптан бұл туралы ресми хабарлама алған жоқ.
В Атырау +35.6