
«ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау мұнай өңдеу зауытына барып, өндірістік нысандарды аралап, стратегиялық және инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.
Биылғы сегіз айда кәсіпорын 3,6 млн тонна мұнай өңдеп, 1,2 млн тоннадан астам автобензин, 1,3 млн тоннадан астам дизель отынын және шамамен 148 мың тонна авиаотын өндіруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жеңіл мұнай өнімдерінің үлесі 80%-дан асып, өңдеу тереңдігі 90%-дан жоғарылады.
Дизель өндірісінің тәуліктік көлемі 2024 жылғы 5,5 мың тоннадан 7,1 мың тоннаға дейін өсті. Зауытта 17 стратегиялық және инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде ұзартылған жөндеуаралық кезеңге көшуге арналған 47 іс-шара бар, бұл жылдық өңдеу көлемін 6,1 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, әзірге 23%-ы орындалды.
Электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін сыртқы желілерді реконструкциялау, резервтік газтурбиналық станция салу және автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымын кеңейту қарастырылған. Экологиялық бағытта факел газдарын қайтару блогы салынып, резервуарларды понтондармен жабдықтау арқылы көмірсутек шығарындыларын 90%-ға дейін азайту көзделген.
Сонымен қатар «Атырау МӨЗ-нің тағылымгері» бағдарламасы арқылы жас мамандар даярлануда. Жұмыс сапарының қорытындысында Асхат Хасенов зауыт басшылығына жобаларды уақытында аяқтауды, өндіріс тиімділігін арттыруды, кәсіпорынның сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуді және цифрлық технологияларды кеңінен енгізуді тапсырды.
В Атырау +32.6 




