Атырау, 19 тамыз 12:30
 дождьВ Атырау +29.4
$ 460.13
€ 532.60
₽ 5.42

Блогерлерге 12 млн теңге: LOTUS FEST-ті жарнамалау қаншаға шықты

85 рет қаралды

Фестивальді әлеуметтік желі арқылы жарнамалау үшін Visit Atyrau екі бөлек мемлекеттік сатып алу жүргізді. Оның бірі танымал тревел-блогердің жеке қатысуына, ал екіншісі кемінде төрт инфлюенсердің қатысуымен өтетін блог-турға қатысты болды. Сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы құны шамамен 11,8 млн теңгені құрады.

Әлеуметтік желіде Bydastan ретінде танымал Дастан Мұхамедрахимовтың жеке қатысуымен өтетін сауда ең қымбаты болып шықты. Бастапқыда Visit Atyrau бұл мақсатқа 12 млн теңге жұмсауды жоспарлаған. Сауда-саттыққа бес қатысушы шығып, ең төменгі бағаны — 7 млн теңгені «Мамбетов» ЖК ұсынды. Ол жеңімпаз деп танылды.

Бірден ескерте кетейік: 7 млн теңге — блогердің гонорары емес, бұл барлық қызметтің толық құны. Оның ішіне Bydastan мен түсірілім тобы мүшесінің қатысуы, контент өндірісі, ұшу, орналасу, көлік, тамақтану және лотос алқаптарына сапар кіреді. Бұл қаржының қаншасын блогердің өзі алғаны құжаттарда көрсетілмеген.

Ал сапардың шарттары бүге-шігесіне дейін жазылған.

Bydastan мен оны қасындағы адамға бизнес-класс билеттері қарастырылған. Екі түнге оларға Deluxe/Suite деңгейіндегі бөлмелері бар бес жұлдызды қонақүй бөлінді. Жол жүру үшін 2025 жылдан ескі емес өкілдік немесе бизнес-класс үлгісіндегі екі автокөлік талап етілді. Лотос алқаптарына бұл топ кеме жүргізушілері бар моторлы қайықтармен аттануы тиіс еді.

Атыраудың ыстығы да ұмыт қалмаған. Техникалық ерекшелікте төрт мезгіл VIP-тамақтану және жоғары деңгейдегі тұрмыстық қызмет көрсету қарастырылған. Құжатта көрсетілген ақпарат бойынша, кКөліктер мен қайықтарда «салқындатылған бөтелкедегі ауызсудың тұрақты, таусылмайтын қоры» болуы тиіс еді. Сонымен қатар судың премиум-брендтерден болуы, газдалған және газдалмаған түрінде, бір адамға тәулігіне кемінде үш литрден келуі талап етілді. Сусындар үшін тасымалданатын автотоңазытқыш қарастырылған.

Bydastan-нан фестивальді және туристік орындарды түсіруге жеке қатысу талап етілді. Сатып алу шарттары бойынша ол өзінің Instagram парақшасында кемінде бір авторлық Reels шығаруы керек болды. Техникалық ерекшелікте аккаунт аудиториясы кемінде екі миллион жазылушыдан тұруы тиіс екені бөлек көрсетілген.

Видеоны жай ғана телефонға түсіріп, жариялай салуға болмайтын еді. 4K/60 fps сапасы, дроннан түсіру, авторлық монтаж, саунд-дизайн және кинематографиялық түс түзету талап етілді. Видеологқа фестиваль, лотос алқаптары, табиғи көрікті жерлер мен келушілер кіруі тиіс болды. Тағы бір талап: «Атырау облысының жақсы туристік бейнесін қалыптастыру». Жарияланбас бұрын ролик тапсырыс берушімен келісіледі.

Нәтижесінде іс бір роликпен шектелген жоқ. Bydastan парақшасында атыраулық лотостар туралы екі Reels пайда болды. Материал дайындалған сәтте олардың бірі 1,9 млн-ға жуық, екіншісі 417 мың қаралым жинады. Жалпы алғанда, тек блогердің парақшасында 2,3 млн-нан астам қаралым болды.

Сонымен, жеті миллиондық сауданың нәтижесі өте нақты көрінеді.

Бұдан бөлек, Visit Atyrau екі күндік блог-турға тапсырыс берді. Оған бастапқыда 9,55 млн теңге жоспарланған еді. Мұнда да сауда-саттық барысында баға айтарлықтай төмендеді. Жеңімпаз «IKHSAN» ЖК тапсырысты 4 766 888 теңгеге орындауды ұсынды.

Сатып алу шарттары бойынша блог-турға әрқайсысының аудиториясы кемінде 100 мың жазылушыдан туратын кем дегенде төрт отандық тревел-блогер аттануы тиіс еді. Қатысушыларды таңдау кезінде айына кемінде 8 млн қаралым қамтылуы талап етілді.

Орындаушы блогерлердің қызметі мен ұшаққа жол ақысын төледі, қатысушыларды төрт жұлдыздан төмен емес қонақүйге орналастырды, үш мезгіл тамақпен және гидтермен қамтамасыз етті. Жол жүру үшін төрт толық жетектегі жол талғамайтын көлік, ал лотос алқаптары үшін төрт моторлы қайық талап етілді.

Контент те шарттың бір бөлігі болды. Әр блогер әр күннің қорытындысы бойынша ұзақтығы бір минуттан асатын кемінде бір Reels және геолокациясы бар үш сақталатын stories жариялауға тиіс еді. Сонымен қатар орындаушы YouTube үшін бес минуттық ролик дайындап, түсірілген материалдарды тапсырыс берушіге тапсыруы керек болды.

Қорытындылай келе, бұл екі сатып алу Visit Atyrau үшін 11 766 888 теңгеге түсті. Бастапқыда оларға жалпы алғанда 21,55 млн теңге жоспарланғанымен, сауда-саттық барысында бұл қаржы екі есеге жуық азайды.

Bydastan үшін жасалған жағдай, әрине, дәулетті көрінді. Әсіресе премиум судың «таусылмайтын қоры» таңғалдырады. Дегенмен, шамамен 12 млн теңге блогерлердің лотосқа жасаған әдемі саяхатына жұмсала салды деу де дұрыс болмас еді. Контент жарыққа шықты, аудиториясы миллиондаған, ал Bydastan-ның Атырау облысы туралы ең танымал ролигінің өзін 1,9 млн-ға жуық адам қарап үлгерді.

Сонымен, лотостар өздеріне тиесілі едәуір назар аударды. 

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.