
20 тамыздан бастап Қазақстанда ұялы байланыс операторлары мен смартфон сатушыларға арналған жаңа ережелер күшіне енеді. Өзгерістер тарифтерді көтеру тәртібіне, SIM-карталарды сатып алуға және телефондарды сатуға қатысты болмақ, деп хабарлайды 31 арна.
Қазақстандықтарды күтіп тұрған негізгі жаңашылдықтар:
1. Тарифтің қымбаттайтыны туралы екі ай бұрын ескерту
Енді ұялы байланыс операторлары абоненттерге тариф бағасының көтерілетіні туралы кемінде екі ай (60 күн) бұрын ескертуге міндетті. Хбарлама SMS түрінде жіберілуі тиіс, ал толық ақпарат компанияның ресми сайтында жариялануы керек. Бұл қазақстандықтарға тарифті ауыстыруға немесе басқа операторға көшуге уақыт береді.
2. eGov пен Aitu-ға тегін кіру
Байланыс операторлары әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар қосымшаларға тәулік бойы әрі тегін (тіпті баланс нөлде болса да) қолжетімділікпен қамтамасыз етуге міндеттеледі.
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бұл тізімге мыналар кіреді деп жоспарланып отыр:
- eGov және eGov Business
- eOtinish
- Aitu ұлттық мессенджері
3. SIM-карта сатып алудағы биометрия және телефондарды верификациялау
Ұялы байланыс операторымен шарт жасасу және жаңа SIM-картаны рәсімдеу енді тек биометриялық аутентификациядан (бетті сканерлеу) өткеннен кейін ғана мүмкін болады.
Бұдан бөлек, смартфон сатушыларға қойылатын талаптар да қатаңдатылады — олар құрылғыларды сатылымға шығармас бұрын ресми верификациядан өткізуге міндеттеледі.
В Атырау +22.5