Атырау, 19 тамыз 00:28
 дождьВ Атырау +24.4
$ 460.13
€ 532.60
₽ 5.42

Қазақстанға 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылды: қаражат қайда жұмсалады

Бейнежазба
42 рет қаралды

Қазақстанға негізінен ақшалай нысанда 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылды. Оның 617,7 млрд теңгесіне еліміздің барлық өңірінде 500-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыру мақұлданды.

Үкіметтің мәліметінше, қайтарылған қаражат Арнаулы мемлекеттік қор арқылы сумен жабдықтау, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, спорт, энергетика және өнеркәсіптік инфрақұрылым нысандарын дамытуға бағытталуда.

Ауыз су жобаларына 226,5 млрд теңге бөлінді

Халықты ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін 267 жобаны іске асыруға 226,5 млрд теңге қарастырылған.

Солтүстік Қазақстан облысында жалпы құны 14,9 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталып, 30-дан астам ауылдың тұрғындары тұрақты ауыз сумен қамтылды. Абай облысында жүзеге асырылған 15 жоба 20 мыңға жуық ауыл тұрғынын қамтыды.

Алматыда Қайрат, Ақжар, Ақбұлақ, Боралдай және Қарағайлы шағын аудандарында су құбыры мен кәріз желілері салынды.

Денсаулық сақтауға 176,8 млрд теңге бағытталды

Медицина саласында 191 жобаны қаржыландыруға 176,8 млрд теңге мақұлданды.

Риддерде 200 орындық көпбейінді аурухана, Ақтауда жедел медициналық жәрдем стансасы және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 145 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынды.

Қарағанды облысында 51 медициналық нысанның құрылысы мен реконструкциясы аяқталды. Осакаров ауданында төрт медициналық пункт пен дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, 3,5 мыңнан астам ауыл тұрғыны алғашқы медициналық көмекпен қамтылды.

Балқашта көпбейінді аурухана жанынан хирургиялық-ангиографиялық корпус салынып, балаларды оңалту орталығы ашылды. Жаңа корпуста 138 медициналық манипуляция жасалып, 12 науқасқа стент орнатылды. Бұған дейін күрделі жағдайдағы пациенттерді 400 шақырым жердегі Қарағандыға жеткізуге тура келетін.

Балқаш пен Арқалық әуежайлары жаңғыртылды

Көлік инфрақұрылымындағы сегіз жобаны жүзеге асыруға 43 млрд теңге бөлінді.

Балқаш әуежайын реконструкциялауға 946 млн теңге жұмсалды. Жаңғырту нәтижесінде оның өткізу қабілеті сағатына 60-тан 80 жолаушыға дейін артты. 2026 жылғы 1 маусымнан бастап Балқаштан Астана мен Алматыға аптасына бес рет тұрақты рейстер орындалуда.

Арқалық әуежайында екі қабатты аэровокзал салынып, ұзындығы 2,5 шақырым болатын ұшу-қону жолағы жөнделді. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін Қостанай, Астана және Алматы бағыттарына рейстер ашу жоспарланған.

Билет құны Астана мен Қостанайға 10 мың теңге, Алматыға 25 мың теңге болады деп белгіленген.

Білім мен спортқа 130 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды

Білім беру саласындағы 17 жобаға 64,4 млрд теңге бағытталды. Петропавлда жаңа мектеп пен 280 орындық балабақша, Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана ашылды.

Арқалық педагогикалық институтының жалпы ауданы 6 600 шаршы метр болатын ғимараты реконструкциядан өтті. Онда жасанды интеллект зертханасы, салалық орталықтар және жаңа білім беру бағдарламалары жұмыс істейді.

Спорт инфрақұрылымын дамытуға 67,5 млрд теңге бөлінді. Көкшетауда көпфункционалды спорт кешені, Зеренді ауылында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион реконструкциядан кейін ашылып, «Қазақстан» спорт сарайын жаңғырту жалғасуда.

Қайтарылған қаражаттың бір бөлігі қазандықтарды, газ құбырларын, электр желілерін, кірме жолдар мен жаңа өндірістерге қажетті инженерлік инфрақұрылымды салуға жұмсалуда.

Үкімет пен Бас прокуратураның заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. 


Кеше, 23:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.