
Құлсары қаласының тұрғындары көшелердегі жол сызықтары мен жаяу жүргіншілер белгілерінің дұрыс орнатылмағанына шағымданып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, кейбір учаскелерде ескі және жаңа сызықтар қабаттасып кеткендіктен, жүргізушілерге қай сызықтың жарамды екенін ажырату қиынға соғып тұр.
Қаланың "Аэропорт" ықшамауданы бұрылысынан Махамбет даңғылына өткен көше бойындағы жол сызығы сын көтермейді. Қарама-қарсы бағыттағы көлік ағынын бөлу және жол қауіпсіздігін сақтау үшін жол сызығы үлкен роль атқарады. Бұл сызықты кесіп өтуге, үстінен жүруге, болмаса қарсы жолаққа шығып кетуге қатаң тиым салынған. Егер бұл заңдылықты бұзса, жүргізуші жауапкершілікке тартылып айыппұл төлейді. Сонда кім заңды бұзып отыр? Жүргізуші ме, жоқ аудандық әкімшілік пе
- Бұл жұмысты кім атқарды, ол стандартқа сай ма? Қалай қабылдап алды, технадзор қайда қараған. Осыған нақты жауап беріп, өрескел қателікке жол берген мердігер мен тапсырысшы аудан әкімшілігі жауап беруі тиіс. Осындай сорақылыққа жол беріп отырып, көлік жүргізушісінен қандай жауапкершілік сұрайды, заңды өздері бұзып отыр емес пе? - дейді қоғам белсендісі Бекет Құлбаев.
Айтса айтқандай жылыойлық жүргізушілер көше бойындағы қос сызықтың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айыра алмай әлек.
Қалада тағы бір өзекті мәселе-жаяу жүргіншілер үшін белгінің орынды, орынсыз қойылуы. Тұрғындардың айтуынша, көлік қозғалысы қарқынды әрі адамдар көп шоғырланған орындарда мұндай белгілер жеткіліксіз. Ал жаяу жүргіншілер сирек кездесетін қала шетінде, керісінше, жол белгілері шамадан тыс көп орнатылған.
- Махамбет даңғылы мен "Жадырасын" мөлтек ауданына қойылған белгілер аз. Ал керісінше адам тығыз жүретін дүкен, мектептер, балабақшалар тұсында жол белгісі өте тапшы. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін қажет емес пе. Сабақ басталғанда балаларға қиын, жолдан өте алмай алақтап тұрғаны. Айналғанда бұл апатқа соқтыруы кәдік. Сол себептен жол қауіпсіздігін болдырмау үшін жаяу жүргінші көп жүретін жерге арнайы белгілерді көбейту қажет, - дейді тұрғын Али Саменов.
Жалпы қалада жаяу жүргінші жолының белгісі бейберекетсіз қойылған. Мәселен, бір көшеге жаяу жүргінші жолы тұрғындардың шарбағына тақап қойылған, жаяу адам жүрер жер жоқ. Тіпті қаланың шет жағында қаптаған жаяу жүргінші жолы белгісі қойылған (суретте). Айдалаға қойылғандықтан оның тұрғындарға қажеттілігі шамалы. Ол жерде үй де, нысандар да жоқ.
Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітов қос сызықтың пайда болу мәселесі жолды бұрынғы жөндеуден кейін туындағанын түсіндірді.
- Махамбет даңғылындағы жол сызықтары қатар түскен. 2025 жылы жолды күрделі жөндеуден өткізгенде "АВС-Лимитед" ЖШС көше сызығын да міндетіне алған. Бірақ олар қате сызған, ал биылғысы дұрыс. Бұрынғы жол сызығын кетіру үшін өшіріп қарағанбыз, бірақ жаңбырдан кейін қайта көрініп қалып жатыр. Енді бір сұйықтық ерітіндісін пайдаланып өшіріп қараймыз. Ал қаланың шет жағындағы жаяу жүргінші белгісін алып, оны орталықтарға, адам көп жүретін жерлерге орнатпақпыз. Негізі жергілікті полиция бізге ұсыныс білдіреді, соған орай жұмыс атқарылады, - дейді Бозжігітов.
Махамбет даңғылындағы жол сызығына бола қанша жүргізушіге айыппұл салынғаны белгісіз.
Кейін Жылыой аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Құлсары қаласында автомобиль жолдарының бойына жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілерінің орнатылуына қатысты әлеуметтік желіде жарияланған бейнематериал бойынша төмендегідей ақпарат береді. Қазір «Құлсары қаласы автомобиль жолдарын қайта жаңғырту, 4-кезең» жобасы шеңберінде қала аумағындағы автомобиль жолдарының бойына жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті жол белгілері орнатылуда.
Бөлім мамандарының берген мәліметі бойынша, жол белгілері мен оның жиегіндегі элементтер ауданның кешенді даму динамикасына сәйкес алдағы уақытта тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, халықтың қоныстануы жоспарланған жерлерді ескере отырып, жоспарға сейкес алдын ала орнатылды. Жол белгілерін орнату кезінде қолданыстағы жалпы техникалық талаптар, оның ішінде ҚР СТ 1125-2002 стандартының талаптары басшылыққа алынды жәнеде жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілген.
Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан аталған мәселенің жиі көтеріліп отырғанын ескере отырып, Жылыой ауданының полиция басқармасының әкімшілік-техникалық қадағалау инспекторымен бірлесіп, қала ішіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілері орнатылмаған учаскелерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, сәйкесінше жол белгілерінің орнын алмастыру жұмыстары атқарылып жатыр.
Бұдан бөлек, Жылыой ауданының полиция басқармасынан жол белгілерін орнату, ауыстыру немесе толықтыру жөнінде нұсқама келіп түскен жағдайда, қолданыстағы талаптарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіледі дейді мамандар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Тұрғындар ұсынған видео
В Атырау +29.4