Атырау, 18 тамыз 23:15
 дождьВ Атырау +28
$ 461.39
€ 534.75
₽ 5.45

«Қазақмыс» 20 жыл күткен жобаны іске асырады

92 рет қаралды

«Қазақмыс» Жезқазған мыс балқыту зауытының газ тазарту жүйесін соңғы онжылдықтардағы ең ауқымды жаңғыртуға кірісті.

18 тамызда компания мен China National Chemical Engineering Company (CNCEC) консорциумы жаңа күкірт қышқылы цехын салу жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойды. Құны 213,76 млн АҚШ долларын құрайтын EPC-келісімшарт кәсіпорынды экологиялық және технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың негізгі кезеңдерінің бірі болмақ. Бас мердігер ретінде күкірт қышқылы өндірісін жобалау және салуда халықаралық тәжірибесі бар CNCEC таңдалды.

Жаңа цехтың құрылысы зауытты заманауи экологиялық стандарттарға сәйкестендіру қажеттілігінен туындады. Қолданыстағы инфрақұрылым 1970-жылдары пайдалануға берілген және қазір түбегейлі жаңартуды талап етеді. Жоба аясында газды ұстау және тазарту жүйесі толық жаңартылып, конвертерлерге арнайы жабындар, заманауи салқындату мұнаралары, электр сүзгілері және басқа жабдықтар орнатылады. Жүйе автоматтандыру және бақылаудың жаңа құралдарымен жабдықталады.

Жоба іске асқаннан кейін газды ұстау деңгейі 99%-ға жетіп, тазартылған газдағы SO₂ мөлшері халықаралық BREF стандарттарына сәйкес болады. Бұл Жезқазған қаласына түсетін экологиялық жүктемені айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа цех жылына 350 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге және сағатына 300 мың текше метрге дейін газды өңдеуге есептелген. Нысанды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

«Бұл құрылыс – Жезқазғанның экологиялық қауіпсіздігі мен кәсіпорынның ұзақ мерзімді тұрақтылығына салынған инвестиция. Біз үшін белгіленген экологиялық көрсеткішке қол жеткізу, жұмыстың сапасын қамтамасыз ету және жобаны уақытында аяқтау аса маңызды» деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін жоба белсенді іске асыру кезеңіне өтті. 2026 жылдың соңына дейін өндірістік алаңда дайындық жұмыстары басталып, құрылыс-монтаждау кезеңі шамамен 29 айға созылады. Жаңа күкірт қышқылы цехы Жезқазған мыс балқыту зауытын ұзақ мерзімді жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі болып табылады және кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге берік негіз қалайды.

Бүгін, 22:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.