Атырау, 7 тамыз 12:16
 дождьВ Атырау +29.2
$ 467.48
€ 539.52
₽ 5.73

​Ақшолақов Атыраудағы тұрғын үй кешендеріндегі кәріз суы мәселесін шешуді тапсырды

Сурет
100 рет қаралды
Сурет: облыс әкімінің баспасөз қызметі
Сурет: облыс әкімінің баспасөз қызметі

“Samal Town” тұрғын үй кешенінде апатты жағдай айына 3-4 рет болатындықтан, жертөлелер мен кешен маңайындағы аумақ үнемі кәріз суының астында қалады.

“Атырау облысы Су Арнасы” КМК басшысы Мейірім Қалауидің айтуынша, тұрғын үй кешені пайдалануға берілгесін инженерлік желілер мүлік иелері бірлестігінің балансына өткен. Алайда бұл жүктемені көтеруге қолданыстағы сорғылардың қауқары жетпейді. Ал кәріз желісінің жобалық еңісіндегі ауытқулар өздігінен ағатын жүйенің қалыпты жұмысына кедергі келтіріп отыр. Қаланың тағы 17 тұрғын үй кешенінің инженерлік желісінде осындай мәселе бары анықталған.

Кәсіпорын мамандары мұны реттеу үшін сорғыны ауыстыруды, кәріз желісінің жобалық еңістерін қалпына келтіруді және үйдің кәріз сорғы станциясын “Атырау облысы Су Арнасы” КМК балансына қабылдауды ұсынып отыр.

Болат Ақшолақов 17 тұрғын үй кешенінің әрқайсысына қатысты жан-жақты талдау жүргізіп, нақты іс-шаралар мен жұмыстың орындалу мерзімдерін қамтитын Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

— Өңірде тұрғын үй салып жатқан компанияларды бұған дейін тапсырған нысандардағы кемшіліктерді жоюға міндеттеу қажет. Қалған тұрғын үй кешендерінің инженерлік желілерін “Су Арнасының” балансына беріп, әрі қарай тиісті жөндеу жүргізу мәселесі зерделенуі тиіс. Жедел арада осы 17 тұрғын үй кешенінің инженерлік инфрақұрылымы мәселелерін шешу бойынша Жол картасын әзірлеңіздер, — деді облыс әкімі.


Бүгін, 10:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.