
Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларының қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалары арасындағы сәйкессіздіктерді жойды.
Өзгерістер Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың жекеше қаулысы негізінде енгізілді.
Сәйкессіздіктер әкімшілік істі қарау барысында анықталған. Олар кенттер мен ауылдардың жерлерінен жер учаскелерін беру қағидаларына, сондай-ақ жобаланатын жер учаскелерін Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының графикалық деректерімен келісу тәртібіне қатысты болған.
Соттың анықтауынша, айырмашылықтар тек жекелеген терминдермен шектелмеген. Екі тілдегі нұсқаларда мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мерзімдері, қажетті құжаттардың тізбесі және оларды алушылардың шеңбері әртүрлі айқындалған. Бұл заңнаманы әрқилы түсіндіруге және қолдануға жағдай туғызған.
Осыған байланысты Кассациялық сот Үкімет пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің атына жекеше қаулы шығарды, өйткені нормативтік құқықтық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндері мағынасы жағынан толық бірдей болуы тиіс.
Нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа нормативтік құқықтық акт әзірледі. №118 бұйрық 2026 жылғы 3 сәуірде қабылданып, 7 сәуірде Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтті және 12 шілдеде күшіне енді.
Соттың мәліметінше, енгізілген өзгерістер мағыналық және рәсімдік сәйкессіздіктерді жойып, жер учаскелерін беру және келісу тәртібін қағидалардың екі тілдегі нұсқасы үшін де біріздендірді.
В Атырау +29.2