
Атырау облыстық соты тұрғын үйді кезектен тыс беру және қызметтік жалғандық жасау ісі бойынша кінәлі деп танылған қалалық ТКШ бөлімінің тұрғын үй секторын басқарған Гүлжамал Жолдасоваға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Еске салайық, 29 мамырда №2 қалалық сот Жолдасованы мемлекеттік тұрғын үйді заңсыз бөлу ісі бойынша кінәлі деп таныған еді. Оған бір жыл алты ай мерзімге бостандықты шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді, сондай‑ақ мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында өмір бойы қызмет атқаруға тыйым салынды.
Үкім заңды күшіне енгеннен кейін Жолдасоваға қатысты бұрын таңдалған бұлтартпау шарасы жойылды, ал үй қамауында өткізген уақыты жаза мерзімінде есепке алынды.
Іс материалдарына сәйкес, Жолдасова қалалық ТКШ бөлімінің тұрғын үй секторында жұмыс істеп, қалалық тұрғын үй комиссиясының құрамына кірген. Оның міндетіне тұрғын үйге үміткерлердің құжаттарын тексеру, пәтер алушылардың тізімін дайындау және кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру кірген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, кейбір азаматтарға белгіленген кезектілікті айналып өтіп тұрғын үй алуына ықпал еткен, сондай‑ақ жалған құжаттарды рәсімдеуге қатысқан. Айып бес эпизод бойынша қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және екі эпизод бойынша қызметтік жалғандық жасауға қатысты тағылған.
Сотта қорғау тарапы материалдарды прокурорға қайтаруды сұрады. Адвокаттар мен Жолдасованың өзі тұрғын үйді бөлу шешімін комиссия алқалы түрде қабылдайтынын, ал қылмыстық қудалау тек оның бір мүшесіне қатысты жүргізілгенін айтты. Алайда бірінші инстанция соты бұл уәждерді қабылдамады.
Қорғау тарапы үкімге шағымданды, бірақ апелляциялық алқа оны өзгертуге негіз таппай, шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Қаулы жарияланғаннан кейін Жолдасова редакцияға бас прокурорға наразылық білдіру туралы өтінішпен жүгінетінін және істі қайта қарауға қол жеткізетінін мәлімдеді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +32.9