
Атырау облыстық сотында жеті жасар Айарудың өліміне қатысты іс қайта қаралып жатыр. Бұған дейін кассациялық сот алқасы мүсінші Дмитрий Баймұқашевқа қатысты шығарылған айыптау үкімін жойып, істі қайта қарауға жіберген еді.
Еске салсақ, 2024 жылдың маусым айында қатты жел соғып, Жеңіс саябағында Ұлы Отан соғысы батырларының бірінің бюсті құлап, мектеп оқушысы салмағы шамамен 200 келі болатын ауыр құрылымның астында қалған болатын.
Қыз бала шұғыл облыстық балалар ауруханасына жеткізілгенімен, алған жарақаттары ауыр болып, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Оқиға кезінде оның әкесі Айдос Сабыров пен ағасы да жарақат алған.
Кейін 2020 жылы мемориалдық бюсттер қала әкімдігінің бастамасымен демеушілердің қаражатына орнатылғаны белгілі болды. Қажетті рұқсат құжаттары рәсімделмей, ескерткіштерді балансқа алатын мекеме де белгіленбеген. Соның салдарынан монументтер төрт жыл бойы қараусыз қалып, олардың күтімі мен техникалық жағдайына ешкім жауап бермеген.
Өткен жылдың шілде айында Атырау соты Дмитрий Баймұқашевты кінәлі деп танып, оған 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ол жәбірленуші тарапқа өтемақы төлеуге міндеттелді. Кейін апелляциялық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды. Алайда ескерткіштерді орнату кезінде анықталған заң бұзушылықтар мен олардың техникалық жағдайына жауапты мекеменің болмауына қарамастан, сот тек мүсін авторын кінәлі деп таныды.
Алайда кассациялық сот алқасы істің барлық мән-жайы толық қаралмаған деген қорытындыға келді. Алдыңғы сот талқылауларында нақты қандай құрылыс нормалары бұзылғаны, бюсттің құлауына не себеп болғаны және оны орнатқаннан кейін техникалық жағдайы мен қауіпсіздігіне кім жауапты болғаны анықталмағаны көрсетілді.
Осы себепті бұрынғы үкім жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +29.2