Атырау, 5 желтоқсан 13:11
 бұлттыВ Атырау +3
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырауда Жеңіс саябағындағы трагедияға тек мүсіншіні кінәлі деп тапты

580 рет қаралды

Апелляциялық алқа ескерткіш бюст құлап, бала қаза болған оқиғадан кейін сотталған оралдық мүсінші Дмитрий Баймұқашевқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ескерткіш орнатудағы өрескел заң бұзушылықтар мен әкімдіктің жауапкершілігі айқын болса да, сот авторды ғана кінәлі деп таныды.

Жеңіс бағындағы желді күн

Еске салсақ, 2024 жылдың маусым айында Жеңіс саябағында Ұлы Отан соғысы батырларының бірінің бюсті құлады. Ауыр конструкция астында қалған 7 жасар Айару қаза тапты. Ол мектептің бірінші сыныбын жаңа бітірген болатын. Жел тұрып, екі жүз келі салмақты ескерткіш құлап, қайғылы оқиғаға себеп болды. Баланы облыстық балалар ауруханасына жеткізгенімен, дәрігерлер оны құтқара алмады, ауыр жарақаттан бүлдіршін қайтыс болды. Оның әкесі Айдос Сабыров пен ағасы да жарақат алды.

Белгілі болғандай, бюсттерді 2020 жылы, карантиннің бел ортасында, әкімдіктің бастамасымен және демеушілердің қаражатына орнатқан. Жобасы жақсы көрінгенімен, ресми түрде тіркелмеген: рұқсат қағаздары болмаған, жауапты мекеме анықталмаған.

Ескерткіштер төрт жыл бойы иесіз күйде тұрды.

Құрылысшы емес, мүсінші

Бюсттерді жасаған маман Дмитрий Баймұқашев бұл салада кездейсоқ жүрген жан емес. Ол — Қазақстандағы белгілі ескерткіштердің авторы, «Отан қорғаушыларға» арналған монументтің (Астана) мүсіншісі Юрий Баймұқашевтің ұлы, шығармашылық әулеттен шыққан мүсінші. Дмитрий бала кезінен бастап мүсін өнерімен айналысады, қазіргі таңда Оралдағы «Шығармашылық Одақ» атты өз шеберханасы арқылы жұмыс істейді. Дәл осы шеберханада ол 2020 жылы бюсттер сериясын жасаған.

Ковидке байланысты өңіраралық шектеулерге орай Баймұқашев Атырауға өзі келе алмаған. Сондықтан монтаж жұмыстарын жергілікті қосалқы мердігерлерге — “Далас” ЖК-мен жасалған келісімшарт негізінде тапсырған. Нақты орнату жұмыстарын солардың жұмысшылары атқарған. 

Сотта Баймұқашев монтаж кезінде өзі қатыспағанын, сапаны тексермегенін және қандай байланыстырушы материал қолданылғанын білмегенін түсіндірді, себебі жарияланған локдаун кезінде бұл мүмкін болмаған. Соған қарамастан, сот оған толық жауапкершілік жүктеп, мердігер ретінде “жұмыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс еді” деп шешті.

Қорғау тарапының ұстанымы

Сотта адвокат Талғат Дәулетов Жеңіс саябағындағы бюсттердің заңдық тұрғыдан ғимарат та, ескерткіш те саналмайтынын айтты. Оның сөзінше, олар шағын сәулет нысандарына (ШАН) - яғни орындықтар, субұрқақтар мен декоративті мүсіндер секілді нысандарға жатады. Мұндай объектілерге жоба-сметалық құжаттама мен құрылыс сараптамасы қажет емес.

«ШАН нысандары техникалық шарттар мен абаттандыру нормаларына сай орнатылады. Олар құрылысқа арналған СНиП-терге бағынбайды. Сондықтан “құрылыс нормаларын бұзу” бабы бойынша тағылған айыптың өзі қате еді. Ол құрылысшы емес, суретші», — деді Дәулетов.

Адвокаттың сөзінше, Баймұқашев монтажға қатыспаған, оны жергілікті мердігерлер атқарған. Бірақ сот жауапкершілікті соған жүктеді.

Орнатты, суретке түсірді, ұмыт қалды

Сот үкімінен белгілі болғандай, бюсттер жобасын басынан бастап Атырау қаласы әкімдігі бақылаған. Ол кезде әкім қызметін Қайрат Оразбаев атқарған. Жұмыстар оның тапсырмасымен жүргізілген. Куәгерлердің айтуынша, әкім кәсіпорындарға өзі барып, Жеңістің 75 жылдығына орай бюсттер орнатуға демеушілік көмек сұраған.

Монтажды сол кездегі әкімнің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс жөніндегі орынбасары Ринат Жанглишов қадағалаған. 2020 жылдың соңында ол облыстық құрылыс пен қабылдау процесін бақылауға міндетті орган МСҚҚБ-на басшы болып тағайындалды. Сөйтіп, бюсттерді орнатуды бақылаған адам кейін сол орнатуды тексеруге тиіс мекемені басқарды. Алайда тексеру жүргізілмеген. Қабылдау актілері оның қатысуынсыз-ақ қол қойылған, бірақ бүкіл схема оның бақылауымен жүзеге асқан.

Формалды түрде барлық жұмыс “қоғамдық негізде” жүргізілген — жоба-сметалық құжаттама, техникалық қадағалау және жауапты тұлға болмаған. Әкімдік бюсттерді балансқа тіркемеген, орнықтылығына сынақ жүргізбеген, бірақ соған қарамастан нысанды қабылдап алған. 

Қайғылы оқиғадан кейін әкімдіктің жаңа құрамы «нысан қала балансында жоқ» деп мәлімдеді. Іс жүзінде бюсттер Атырау қаласының орталығында төрт жыл бойы иесіз тұрған.

Осылайша жауапкершілік сабақтастығы мүлде жойылды: бір шенеуніктер орнатты, басқалары көрмегендей кейіп танытты, ал соңында бүкіл жауапкершілік бір ғана мүсіншіге артылд. 

Қайрат Оразбаевтың бұл олқылықты түзетуге - бюсттерді балансқа тіркеп, жауаптыны бекітуге, техникалық сараптама жүргізуге екі жылдай уақыты болды. Бірақ ол ешқайсысын жасамады.

Ал мердігерлер неге жауапқа тартылмады?

Монтаж жасаған жеке кәсіпкерлердің лицензиясы болмаған. Олар ресми түрде аумақты тазалау мен бөлшек саудамен айналысатын мекемелер еді. Бірақ бетон тұғырларды орнатқан солардың жұмысшылары. 

Дегенмен, тергеу барысында олар айыпталушы емес, куәгер ретінде ғана тіркелді.

Мердігерлердің бірі — 2003 жылы Атырауда тіркелген «Далас» ЖК. Мемлекеттік тізілімге сәйкес, бұл компанияның негізгі қызметі — дүкеннен тыс бөлшек сауда жасау, қосымша бағыты — жеке қызмет көрсету. Құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат беретін ешқандай лицензиясы немесе хабарламасы болмаған. Соған қарамастан, дәл осы құрылысқа қатысы жоқ компания Жеңіс саябағында бетон тұғырларды орнатқан. Бұл — ресми түрде «Арнаулы автобаза» коммуналдық кәсіпорны қызмет көрсететін аумақ.

Сотта ЖК иесі: “менен жай ғана көмектесуді өтінді” деді, әрі “саябақта форма киген адамдар жүрді, бірақ ешқайсысы өзін таныстырмады” деп түсіндірді.

Екінші мердігер — 2005 жылы тіркелген «Жақсылықова Н.Б.» ЖК. Оның негізгі қызметі — азық-түлік өнімдерін мамандандырылған дүкендерде сату. Бұл компанияның да құрылысқа рұқсаты немесе лицензиясы болмаған, бірақ бюсттерді орнатқан фирмалар қатарында аталады.

Саудамен айналысатын екі компания құрылыс тәжірибесі мен рұқсаты болмаса да бір-ақ сәтте ауыр бетон тұғырларды орнататын мердігерге айналды. Оларды бұл жұмысқа кім жіберген? Тергеу бұл сұрақты қоймай, оларды жай ғана куәгер ретінде қалдырды.

Апелляция: жүйе өз адамдарын қорғайды

Апелляциялық шағымда қорғаушы үкімді жоюды сұрады. Себебі Баймұқашев монтаж жұмыстарына қатыспаған, мердігерлердің лицензиясы болмаған, ал нысан қала балансында тіркелмеген. Алайда сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.

«Бірде-бір шенеунік жауапқа тартылған жоқ. Ал монтажға қатыспаған адам сотталды», — деді адвокат Талғат Дәулетов.

Иә, мүсінші жергілікті жеке кәсіпкермен қосалқы мердігерлік келісімшарт жасасқан. Ол бюсттерді орнатуды атыраулық мердігерлерге тапсырғанын жоққа шығармайды. Бірақ бұл қадамға Оралдан келе алмағандықтан барған, себебі локдаун кезінде қатысу мүмкін болмаған. Монтаж жұмыстары әкімдіктің тапсырмасымен жүргізілген, олар Жеңістің 75 жылдығына дейін нысанды тапсыруға асыққан.

Бақылау мен қабылдау қалалық қызметтердің құзырында болуы тиіс еді. Айналғанда бірде-бір комиссия ол жерге бармады, бірде-бір актке ресми түрде қол қойылмады.

Осылайша жүйе тағы да  тұйықталды: шенеуніктер — күдіктен тыс, мердігерлер — куәгер, ал бар кінә мүсін жасаған адамға артылды.

Әке сөзі

«Үкім 32 беттен тұрады, бірақ онда нақты кім кінәлі екені көрсетілмеген. Мен тек бір адамның ғана кінәлі деп ойламаймын. Бәрі кінәлі: орнатқандар, қабылдағандар, кейін көз жұма қарағандар. Бәрі бюсттердің орнықсыз тұрғанын білген, бірақ ешкім ештеңе істемеді.

…Ал енді қызым жоқ», — деді Айдос Сабыров.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суретті түсірген автор

15 қазан, 15:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.