
Қазақстанда «байларға салынатын салық» деп аталатын бастаманы талқылау қайта жанданды. Өзгерістер жаңа Салық кодексіне енгізілетін түзетулердің алғашқы топтамасына енуі мүмкін. Бұл туралы Құрылтай кулуарында депутаттар мәлімдеді, деп хабарлайды LS.
Түзетулер қашан қаралады?
Депутат Никита Шаталовтың айтуынша, мәселе классикалық сән-салтанат салығына емес, аса жоғары табыстарға салық салудағы әділеттілікке қатысты болып отыр.
«Президент бірыңғай тәсілдер әзірлеуді ұсынды. Қазір біз Салық кодексіне енгізілетін түзетулердің алғашқы топтамасын күтіп отырмыз. Оны жұмыс топтары аясында талқылаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмалары шұғыл екенін ескерсек, бұл норманы түзетулердің қазіргі топтамасы аясында қарастырады деп ойлаймын», – деді Шаталов.
Ықтимал салық мөлшерлемелері туралы сұраққа жауап берген депутат қосымша салық енгізу нұсқасын да жоққа шығармады. Мәселен, белгілі бір шектен асатын сомаларға 5 пайыз мөлшерінде салық салу ұсынылуы мүмкін. Оның айтуынша, қазір Ұлттық экономика министрлігімен және Қаржы министрлігімен ортақ шешім іздестіріліп жатыр.
Басты мақсат – бюджетті толықтыру ғана емес, табысы жоғары адамдардың көбірек салық төлеуі қағидатын бекіту.
Bombardier ұшақтары және ауқаттылық мәдениеті
Депутат Айдос Сарым елде байлыққа деген дұрыс көзқарас қалыптастыру қажет деп санайды.
Оның айтуынша, ауқатты азаматтардың саны көп болмаса да, олардың қоғамдағы орны айтарлықтай байқалады.
«Бізде адамдар күн сайын Bombardier ұшағын сатып алып жатқан жоқ. Бірақ егер сен осындай ұшақ сатып алсаң, демек, аса жоғары табысың бар. Мұны зерттеп, зерделеу қажет. Ал депутаттардың өзіне келсек, арамызда негізінен орта таптың өкілдері отыр. Бұл санат әзірге айтарлықтай осал күйде қалып отыр», – деп түсіндірді Сарым.
Қымбат көлік, яхта әлде жеке табыс салығы ма?
Өз кезегінде депутат Асхат Аймағамбетов ауқатты азаматтарға салық салуға қатысты түрлі бастамалар ұсынылып жатқанын атап өтті.
Олардың қатарында:
Сән-салтанатқа салынатын салықты арттыру: қымбат автокөліктерге, жеке ұшақтарға, яхталарға және премиум санаттағы жылжымайтын мүлікке салынатын салық мөлшерлемелерін көтеру;
Жеке табыс салығын (ЖТС) өзгерту: табысы жоғары азаматтар үшін жеке табыс салығын арттыру;
Өзге қызмет түрлерінен түсетін кірістерге салық салу: пассивті және инвестициялық табыстарға жоғары мөлшерлемемен салық салу.
Аймағамбетов прогрессивті салық шкаласының жекелеген элементтерін қолданудың қазіргі тәжірибесі тиімділігін көрсетіп отырғанын айтты. Сондықтан заң шығарушылар бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруға дайын.
В Атырау +17.2