Атырау, 28 қазан 18:30
 дождьВ Атырау +17.2
$ 455.63
€ 507.89
₽ 5.65

Түркияда "Далтондар" тобының 87 мүшесі ұсталды: Starlink шабуылына қатысы бар ма

66 рет қаралды
фото: Halil Sagirkaya/AA/picture alliance
фото: Halil Sagirkaya/AA/picture alliance

Түркияның құқық қорғау органдары елдің 30 провинциясында, соның ішінде Ыстанбұлда ауқымды арнайы операция жүргізіп, «Далтондар» (Daltons) қылмыстық тобының мүшелерін ұстады. Топ бірқатар ауыр қылмысқа, соның ішінде Польшадағы Starlink спутниктік байланыс жүйесінің жерүсті станциясын өртеуге күдіктеліп отыр. Бұл туралы DW хабарлады.

Түркияның әділет министрі Акын Гюрлектің мәліметінше, арнайы операция барысында 87 адам ұсталған. Олардың 31-і — кәмелетке толмағандар. Жалпы, күдікті ретінде 100 адамды қамауға алуға ордер берілген. Қалған 13 адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

WhatsApp пен әлеуметтік желілер арқылы адам тартқан

Түркияның Бас прокуратурасы мәлімдегендей, тергеу барысында қылмыстық топтың өз әрекеттерін жүзеге асыру үшін орындаушыларды әлеуметтік желілер арқылы белсенді түрде тартқаны анықталған.

«Ұйым интернет арқылы адамдарды өз қатарына қосып, кейін оларды WhatsApp мессенджеріндегі жабық топтарға енгізген. Қылмыстар сол чаттар арқылы үйлестіріліп отырған. Осындай чаттардың бірі тікелей “Далтондар бауырлары” деп аталған», — делінген тергеу материалдарында.

«Далтондар» тобы көптеген жыл бойы тек Түркияда ғана емес, Еуропалық одақ елдерінде де бопсалаумен, қару-жарақтың заңсыз айналымымен және тапсырыспен кісі өлтірумен айналысқан.

Польшадағы Starlink нысанына жасалған диверсияның ізі

Қыркүйектің соңында Польшада Starlink спутниктік байланыс жүйесінің жерүсті станциясы өртелген болатын. Еуропалық арнайы қызметтердің деректері мен Der Spiegel басылымының зерттеуіне сәйкес, шабуылды «Далтондар» тобының мүшелері жасаған болуы мүмкін.

Бұған дейін Германияның Нюртинген қаласында осы топпен байланысы бар Түркияның екі азаматы ұсталған еді.

Еуропалық құқық қорғау органдарының болжамдарының біріне сәйкес, қылмыстық топ мүшелері шетелдік арнайы қызметтердің мүддесі үшін әрекет етуі мүмкін. Бұған банданың болжамды жетекшісі Бератджан Гёкдемирдің 2024 жылы Ресей аумағында болғаны да негіз бола алады. Анкара оны экстрадициялауға бірнеше рет әрекеттенгенімен, нәтижеге қол жеткізе алмаған.

Қазіргі уақытта қылмыстық топ басшысының қайда екені белгісіз.

Бүгін, 17:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.