
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльге кезекті қатаң үкім шықты. Сеулдің Орталық округтік соты оған тағы 30 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті, деп хабарлайды DW.
Бұл жолы 65 жастағы экс-мемлекет басшысы билікті асыра пайдалану және қарсыласқа көмектесу баптары бойынша кінәлі деп танылды. Тергеу нұсқасы бойынша, 2024 жылдың қазан айында Юн Сок Ёль Пхеньянның (КҰДР) әуе кеңістігіне жауынгерлік ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) жіберуге жеке өзі бұйрық берген.
Прокуратура ҰҰА-ны жіберу әдейі жасалған арандатушылық екенін дәлелдеді. Бұрынғы президент өз елінің ішінде әскери жағдай енгізуге заңды сылтау тудыру үшін Солтүстік Кореямен қарым-қатынасты ушықтыруды көздеген. Юн Сок Ёльдің өзі тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарып отыр.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында Юн Сок Ёль Оңтүстік Кореяда шынымен де әскери жағдай енгізуге әрекеттенген болатын, алайда бұл бастама парламенттің қатаң қарсылығына байланысты жүзеге аспай қалды. Бұл жанжал импичментке, президенттің қызметінен шеттетілуіне және ауқымды саяси дағдарысқа әкеп соқтырды.
Елдің бұрынғы басшысына қарсы жалпы саны сегіз қылмыстық іс қозғалды. 2026 жылдың ақпанында сот Юн Сок Ёльді бүлікке итермелегені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім кескен болатын (ол кезде прокуратура тіпті өлім жазасын талап еткен еді). Экс-президенттің қорғаушылар тарапы бұл шешімдерге аппеляциялық шағым түсіруге тырысуда.
В Атырау +29.4