
Қазақстандық UFC спортшысы Шавкат Рахмоновтың отбасылық дауы жалғасын тапты.
Жұбайы Гүлайым Instagram желісінде сторис жариялап, Рахмоновтың анасына пәтер мен балаларға тиесілі мүлікті қайтаруды талап етті.
«Шавкаттың анасы менің пәтерімді және балаларға тиесілі заттарды қайтарсын. Мен ұлымды қайтардым, енді пәтерімді қайтарыңыздар. Адвокатыммен байланысыңыздар, бәрін бейбіт жолмен шешейік», – деп жазды ол.
Гүлайым ұзақ уақыт бойы үнсіз қалғанын, себебі жүкті болғанын айтты. Қазір балаларды қамтамасыз ету үшін уақыт жоғалтпай әрекет етуге мәжбүр екенін жеткізді. «Сіздің кесіріңізден балалар аш қалып отыр, дәрі-дәрмек алуға да мүмкіндігіміз жоқ», – делінген оның жазбасында.

Сонымен қатар ол жауап болмаған жағдайда мәселені жария түрде «қажетті орындарға» жеткізетінін ескертті. Өзінің қолында қорлау фактілеріне қатысты бейнежазбалар, аудио және фотоматериалдар бар екенін де мәлімдеді.
Бұған дейін Рахмонов пен Гүлайым арасындағы ажырасу процесі, отбасылық жанжал және өлімге әкелген жол апатына байланысты қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
2025 жылдың жазында Гүлайым Жамбыл облысында Toyota Land Cruiser көлігін жүргізіп келе жатып апатқа ұшырады. Машина аударылып, оның әпкесі мен құрбысы қаза тапты. Өзі және кішкентай ұлы жарақат алды.
2026 жылдың наурызында сот оны кінәлі деп танып, бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда жазаны өтеу бес жылға кейінге қалдырылды.
Сол айда Гүлайым жұбайының отбасынан кеткенін жариялады. Оның айтуынша, ол кезде ерлі-зайыптылардың төрт баласы болған, өзі бесінші балаға жүкті еді. Кейін ол баланың дүниеге келгенін хабарлады.
В Атырау +28.9