Атырау, 21 мамыр 16:42
 дождьВ Атырау +32.9
$ 471.77
€ 547.25
₽ 6.60

​Боливия Колумбия елшісін «персона нон грата» деп жариялады

95 рет қаралды

Боливия Сыртқы істер министрлігі Ла-Пастағы Колумбия елшісі Элизабет Гарсия Каррильоны «персона нон грата» деп жариялады, деп хабарлайды АА. 

Мұндай шешімге Колумбия президенті Густаво Петродың мәлімдемелері себеп болған. Боливия тарапы бұл сөздерді елдің ішкі ісіне араласу деп бағалады.

Министрліктің хабарламасында Петродың сөздері «қабылдауға болмайтын» деп аталып, елшіні «персона нон грата» деп жариялау туралы шешім қабылданғаны айтылды. 

«Бұл шешім егемендік, ішкі істерге араласпау және мемлекеттер арасындағы өзара құрмет қағидаттарын сақтау қажеттілігінен туындады. Аталған жағдай Боливия мен Колумбия халықтарының достық әрі серіктестік қатынастарына сәйкес келмейді», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен бірге, Боливия СІМ бұл шешім Колумбиямен дипломатиялық қатынастарды үзу дегенді білдірмейтінін атап өтті. Екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық сақталады.

Ведомствоның айтуынша, Боливиядағы ішкі саяси және әлеуметтік мәселелер тек конституциялық және демократиялық тетіктер арқылы, сыртқы араласусыз шешілуі тиіс.

Президент Густаво Петро 17 мамырдағы мәлімдемесінде фермерлік топтар, Боливия еңбек орталығы (COB) және бұрынғы президент Эво Моралес жақтастары ұйымдастырған наразылықтар мен жолдарды жабу әрекеттерін «геосаяси менмендікке қарсы халықтық көтеріліс» деп атаған.

Бұған дейін Боливияда үкіметтің отставкасын талап еткен наразылықтар кезінде қауіпсіздік күштерімен қақтығыстарда 120 адамның ұсталғаны хабарланған. Екі аптадан бері жалғасып жатқан наразылықтар елдегі соңғы 40 жылдағы ең ауыр экономикалық дағдарыс аясында өршіп отыр.

Бүгін, 15:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.