
«Егер біз бірге болсақ, бірлесе әрекет етсек, онда... біз күштіміз», — деп мәлімдеді ЕО-ның бас дипломаты. Кая Каллас Ресей, АҚШ және Қытай Еуроодаққа қатысты «бөлшекте де, билей бер» саясатын ұстанып отырғанын айтты, деп хабарлайды dw.com.
Ресей, АҚШ және Қытай Еуропаның жікшілдігіне мүдделі. Бұл туралы ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеді, оның сөзін жексенбі, 17 мамырда Politico басылымы келтірді.
«Неліктен бұл алпауыт мемлекеттер Еуропалық Одақты ыдыратқысы келеді? Себебі бірге болғанда біз әлдеқайда күштіміз. Олар Еуропалық Одақты ұнатпайды, бұл анық нәрсе», — деді ол Таллиннде өткен Леннарт Мери атындағы конференцияда.
«Бірақ біз олардың неліктен ЕО-ны ұнатпайтынын түсінуіміз керек; Қытайдың неліктен, Ресейдің неліктен ұнатпайтынын ұғынуымыз қажет. Себебі біз бірге болып, бірлесе қимылдасақ, тең дәрежелі күшке айналамыз және мықты боламыз», — деп атап өтті ЕО жоғарғы өкілі.
Каллас тең құқылы күш ретінде әрекет ете алатын блокпен емес, көлемі жағынан әлдеқайда кіші жекелеген елдермен келіссөз жүргізу «әрине, оңайырақ» екенін алға тартты. Оның айтуынша, «менің сіздермен қарым-қатынасым тамаша, бірақ Еуропалық Одақты ұнатпаймын» деген сарындағы риторика — АҚШ-тың «бөлшекте де, билей бер» стратегиясының бір бөлігі.
Каллас Еуроодаққа мүше елдерді блокты әлсіретпеуге шақырды
Осыған байланысты ЕО сыртқы саясат қызметінің басшысы Кая Каллас одаққа мүше мемлекеттерді Вашингтонмен екіжақты келісімдер жасасу арқылы блокты әлсіретпеуге үндеді. «Мен бұған қатты алаңдаймын, өйткені кейде кейбір елдердің осы жолмен кетіп бара жатқанын көремін. Бөлшектеу саясаты шынымен де іске асып жатыр», — деп есептейді Кая Каллас.
Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы бері ЕО-ның бірқатар елдері Вашингтонмен өздерінің жеке байланыс арналарын сақтап қалуға тырысты, деп еске салады Politico. Сонымен қатар, мысалы, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони өзін Еуропа мен АҚШ арасындағы әлеуетті делдал ретінде көрсеткісі келді, алайда бұл стратегия Трамптың Рим папасы Лев XIV-ті сынауынан кейін сәтсіздікке ұшырады, деп тұжырымдайды басылым.
Каллас Шредердің РФ-мен келіссөз жүргізуші ретіндегі кандидатурасын қабылдамады
Бұған дейін Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі РФ президенті Владимир Путиннің Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредерді РФ-мен бейбіт келіссөздердегі ЕО өкілі етіп тағайындау туралы ұсынысын қабылдамаған еді.
«Егер біз Ресейге өз атымыздан келіссөз жүргізушіні тағайындау құқығын берсек, бұл өте ақылға қонымсыз болар еді», — деп мәлімдеді Каллас 11 мамырда Брюссельде өткен ЕО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі алдында.
В Атырау +25