Атырау, 29 сәуір 16:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 457.21
€ 534.62
₽ 6.08

Кредит бойынша төлемді қалай кешіктірмеуге болады?

75 рет қаралды
Фото: freepik.com
Фото: freepik.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттік міндеттемелерді уақтылы орындамау айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге, кредиттік тарихтың нашарлауына, тиісті ақпаратты кредиттік бюроларға беруге, ал ұзақ мерзім өткеннен кейін сот талқылауы мен мәжбүрлеп өндіріп алуға әкеп соғуы мүмкін екенін еске салады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасы қарыз алушыларға берешекті сотқа жүгінгенге дейін реттеудің пәрменді құралдарын ұсынады.

Төлемді кешіктірмеудің жолдары

Берешектің туындау қаупін азайту үшін қарыз алушыларға:

– жеке және отбасылық бюджетті міндетті төлемдерді ескере отырып алдын ала жоспарлауға;

– кредитті өтеу кестесін және кредитордан келетін хабарламаларды үнемі қадағалап отыруға;

– қаржылық қиындықтардың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу банкке немесе микроқаржы ұйымына хабарласуға кеңес беріледі.

Төлем кешіктірілген жағдайда не істеу керек?

Төлемді өткізіп алған жағдайда кредитор қарыз алушыға мерзімі өте бастаған сәттен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде берешек сомасын көрсете отырып хабарлауға міндетті, хабарламада қарызды өтемеудің ықтимал салдары және қарыз шарттарын өзгерту үшін кредиторға жүгіну құқығы көрсетіледі.

Қарыз алушы қаржылық қиындықтардың себептерін және қарыз талаптарын өзгертудің ұсынылған нұсқаларын көрсете отырып, борышын қайта құрылымдау туралы өтінішпен банкке немесе МҚҰ-ға жүгінуге құқылы. Қаржы ұйымы жолданымды күнтізбелік 15 күнге дейінгі мерзімде қарауға міндетті және ықтимал шешімдерді ұсынуға құқылы.

Қайта құрылымдаудың ықтимал нұсқалары

Кредитор мынадай шараларды:

– төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беруі;

– ай сайынғы жүктемені төмендету үшін кредит мерзімін ұлғайтуы;

– пайыздық мөлшерлемені төмендетуі;

– айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін есептен шығаруы;

– қарыз алушының мүлік кепілін өз бетінше сатуы мүмкін.

Маңызды: банктер мен микроқаржылық ұйымдардың берешекті қайта құрылымдау туралы өтінішті қарағаны үшін ақы алуға құқығы жоқ.

Егер кредитор бас тартса, не істеу керек?

Қазақстанда қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға және сот дауларының санын азайтуға бағытталған мерзімі өткен берешекті сотқа дейін реттеудің бірыңғай тәртібі қолданылады.

Қайта құрылымдаудан бас тартылған жағдайда қарыз алушы:

– банк кредиттері бойынша банк омбудсманына;

– МҚҰ қарыздары бойынша микроқаржы омбудсманына жүгінуге құқылы.

Берешек болған кезде салдары қандай болуы мүмкін?

Қарыз алушы тарапынан іс-әрекеттер болмаған кезде кредитор:

– берешекті коллекторларға беруге (өтіп кету мерзімі 90 күннен аз болса);

– сотқа жүгінуге құқылы, содан кейін жеке сот орындаушы өндіріп алады.

Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде банктік шоттар мен мүлікке тыйым салынуы, ресми кірістен ұсталуы, елден тыс жерлерге шығуға уақытша шектеу қойылуы мүмкін.

Агенттік азаматтарды кредиттерді ресімдеу кезінде өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін жауапкершілікпен бағалауға және қиындықтар туындаған кезде заңнамада көзделген қолдау тетіктерін уақтылы пайдалануға шақырады. Кредиторға уақытылы жүгіну және сындарлы диалог құру проблемалық берешектің өсуін, сот талқылауларын және мәжбүрлеп өндіріп алуды болдырмауға мүмкіндік береді.

Бүгін, 14:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.