Атырау, 14 шілде 15:09
 дождьВ Атырау +35.5
$ 477.11
€ 545.58
₽ 6.20

Құлсарыдағы балабақшаны жөндеуге миллиард теңгедей қажет

Бейнежазба
102 рет қаралды

Құлсарыдағы «Әсем» балабақшасына бүгінде екі жүзден астам бала барып жүр. Ата-аналардың айтуынша, ғимарат көптен бері күрделі жөндеуді қажет етіп тұр.  Жөндеу жұмыстарына 974 миллион теңге керек. Бірақ қаржы мәселесі шешілмей кейінге қалумен келеді. 

№222 көшесінде орналасқан "Әсем" балабақшасы 1989 жылы құрылған. Кеңес үкіметі кезінде балабақша жабылып қалып, тұрғындардың сұранысымен 2008 жылы ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, қайтадан ашылған. Алайда ата-аналар тарапынан да наразылықтар жиі кездеседі. 

- Балаларымызды балабақшаға амалсыздан беріп отырмыз. Бұл жерде қызметкерлерді кінәлап отырған жоқпыз, балабақшаның күйі бүгінгі күнге сай емес екенін айтқымыз келеді. Екіқабатты ғимарат өте қатты ескіріп, тозған, замануи талапқа сай емес. Сырттағы төсемтастар желініп, ойын алаңдары адам шошырлық жағдайға жеткен. Балабақшаның осы дәрежеге жеткенге дейін биліктегілер қайда қарап отырғанын түсінбейміз, - дейді бізге хабарласқан тұрғындар. 

Ата-аналарды тек ғимараттың жағдайы ғана емес, балабақша аумағы да алаңдатады. Олардың айтуынша, темірден жасалған ойын алаңындағы құрылғылар ескіріп, көптен бері ауыстыруды қажет етеді. Оның үстіне ағаштарда жәндіктер пайда болып, балалар далаға шығудан қалған. 

«Ойын алаңын жәндіктер түгел басып жатыр, балалар емес ересектер қорқып отырмыз. Бұл жерде балаларды ойнату мүмкін бе, қаптаған жәндік», - дейді ата-аналар. 

Балабақша директорының міндетін атқарушы Ақмоншақ Сисенова биылғы жауын-шашынның жиі болуынан ағаш құрттары көбейіп кеткенін айтады.

Дезинфекция жасауға 600 мың теңге қаражат керек болса, әлі күнге қаржы бөлінбеген, дезинфекция жасайтын мекеме анықталмаған. 

Айтса айтқандай, 18 жылдан бері екі қабатты ғимаратты жәй жөндеумен шектеліп тұр. Биыл жәй жөндеу жұмысына 1 млн теңге бөлінгенімен оны жасайтын жеңімпаз анықталмапты. Ал ғимараттың есік, едендері, ток, жылу жүйелері, мебельдер әбден тозығы жетіп, ескірген. Тек терезе ғана бір кезде ауыстырылған. Ғимараттың сыртқы қаптамалары түсіп, ойын алаңдарындағы темірден жасалған жабдықтар қорқыныш туғызып тұр. 

Балабақшаның күрделі жөндеу жұмысына "ТМ Жоба Құрылыс" ЖШС-і сметалық құжаттама әзірлепті. Жоба бойынша балабақшаның күрделі жөндеуіне 974 млн теңге қажет, бірақ оның биыл бөлініп, бөлінбейтіні белгісіз.

Жалпы бұл балабақшада жас ерекшеліктеріне қарай 280 бала тәрбиеленуде. Ал қызметкерлер саны 52-ге жетеді, оның 25-і педагогтар. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор. Видео әлеуметтік желіден алынды.

Бүгін, 14:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.