Атырау, 24 сәуір 21:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 462.87
€ 540.72
₽ 6.16

Нұрсаядағы шатыр​ жөндеу жұмыстарының құны неліктен құпия боп отыр?

94 рет қаралды

2026 жылдың наурызында Нұрсая ықшамауданындағы №46 үйдің №29 пәтерін ұзаққа созылған жаңбыр суы басқан соң редакция қала әкімдігіне қайтадан сауал жолдады, алайда жөндеу жұмыстарының құны мен өтемақы тәртібі туралы нақты жауап алынбады.

«Ақ Жайық» бұл жағдайды бақылауды жалғастырып келеді. Алғашқы жарияланымнан соң әкімдікке ресми сауал жолданғанымен, жауапта негізгі сұрақтарға түсініктеме берілмеді. Қайта жолданған сауалда әр тармақ бойынша бөлек жауап беру сұралғанымен, жағдай өзгерген жоқ.

Журналистерді тұрғындардың өтемақы алу үшін бөлек жазбаша өтініш беруі қажет пе, мұндай тәртіп барлық жағдайға қолданыла ма, шығынды кім өтейді — мердігер ме, тапсырыс беруші ретінде қалалық ТКШ бөлімі мен тұрғын үй инспекциясы ма, әлде әкімдік пе деген сұрақтар қызықтырған еді. Сонымен қатар редакция №46 үйдің шатырын жөндеу құнын, мердігерді және Алмагүл ықшамауданындағы жұмыстардың сомасын атауды, сондай-ақ жобалардың құны мен мердігерлер туралы ақпараттың неге ашық жарияланбайтынын түсіндіруді сұрады.

Нақтылаушы сауалдарға қарамастан, редакцияға тағы да жалпылама жауап келді. Қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың қолы қойылған жауапта қаржыландыру көздері туралы ақпаратты қалалық ТКШ бөлімі мен тұрғын үй инспекциясынан алуға болатыны айтылған. Ал бұл құрылымдар әкімдікке қарасты бөлімдер.

Сонымен бірге жауапта жұмыстарға тапсырыс беруші – осы бөлім, ал мердігерлер бір көзден, тікелей келісімшарт жасау арқылы анықталғаны расталған. Нұрсая ықшамауданында (№46 үй және Ашенов көшесіндегі №2 үй) жұмыстарды «ABMSmartGroup» ЖШС атқаруда, ал Алмагүл ықшамауданындағы №30 үйдің шатырын жөндеу жұмыстарын «Парасат Строй Компани» ЖШС жүргізіп жатыр.

Әкімдікте түсіндіргендей, жөндеу жұмыстары төтенше жағдай режимі аясында жүргізілуде. 2025 жылғы 17 желтоқсанда №263 «Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешім қабылданды. Бұған үш күн бұрын, 14 желтоқсанда комиссия құрылып, нысандарды тексеріп, бүлінген жерлерді тіркеп, ақау актілері мен сметалық құжаттама әзірленген.

«Аталған нысандар бойынша тек төтенше жағдай салдарынан бүлінген жерлерді жою жұмыстары ғана қарастырылып, қаржыландырылған. Басқа жұмыстар көзделмеген», — делінген жауапта.

Сондай-ақ жөндеуді биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланғаны, ал жұмыстардың құны туралы ақпарат олар аяқталғаннан кейін берілетіні хабарланды.

Алайда сметалық құжаттама дайын болғанына қарамастан, жұмыстардың құны жарияланбай отыр. Өтемақы алу тәртібі мен жауапкершілікті бөлу мәселесі де түсіндірілмеген күйінде қалды. Мердігерлер анықталған, қаржыландыру расталған, жұмыстар жүргізіліп жатыр, алайда тұрғындар үшін негізгі сұрақтар әлі де жауапсыз қалып отыр.

Анджела БРОДСКИХ

Бүгін, 19:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.