Атырау, 5 наурыз 18:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 499.83
€ 581.50
₽ 6.42

Нұрсаядағы су басқан пәтер: мердігер шығынды өтеуге уәде берді, ал қала әкімдігі бейхабар

164 рет қаралды

Редакция бұған дейін Нұрсая ықшамауданындағы жағдай туралы хабарлаған еді: №46 үйдің шатырын ауыстыру кезінде бір пәтерді жаңбыр суы басып қалған. Бірінші және екінші подъездің ескі жабындысы алынып тасталғаннан кейін жұмыс тоқтап қалған. Сол кеште қатты жаңбыр басталып, түні бойы жауған.

Жоғарғы қабаттағы тұрғындар түннің мазасыз өткенін еске алады. Шатырда бекітілмеген құрылымдар гүрілдеп, жел ашық қалған шатыр бөліктерін соққан. Ең қатты зардап шеккен №29 пәтер болды — жаңбыр суы еш кедергісіз ішке кірген. Бесінші қабаттағы бірнеше көрші пәтердің төбелері ылғалданғанымен, қатты бүлінбеген. 

Алғашқы жарияланымнан кейін Нұрсаядағы тұрғындар редакцияға сауалдармен жүгінді: Неге шатырды алып тастаған кезде үйді жауыннан қорғау үшін уақытша жабын жасалмады? Не себепті жабынды алынып тасталған соң жұмыс тоқтап қалды?

Редакция бұл сауалдарды қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегенге жолдады. Бірақ жауап материал шыққанға дейін де, кейін де берілген жоқ.

Жөндеу жұмыстарының тапсырыс берушісі мен мердігерін атаудың өзі неге қиын болғаны да түсініксіз болып қалды.

Редакция кейін ресми сауал жолдап, қала әкімдігінен: «жөндеу жұмыстарының тапсырыс берушісі мен мердігері кім, қаржы қайдан бөлінген, жұмыс қашан аяқталады және тұрғындардың шығыны қалай өтеледі?» деген нақты ақпарат сұрады. Жөндеу қандай бағдарлама аясында жүргізіліп жатқаны және Алмагүл ықшамауданындағы бірнеше үйде шатырды бір мезгілде ауыстыру жұмыстары шынымен жүріп жатыр ма деген сауалдар қойылды.

Жауапқа қала әкімінің орынбасары Тілек Махуов қол қойған. Алайда сұрақтар жеке-жеке талданбай, әкімдік бір ғана жалпы түсініктемемен шектелген.

Махуовтың айтуынша, өткен жылдың 14 желтоқсанында қатты желдің салдарынан бірнеше көпқабатты үйдің: Алмагүл ықшамауданындағы №30 үй, Нұрсаядағы №46 үй және Ашенов көшесіндегі №2 үйдің  шатырлары бүлінген. 

17 желтоқсанда қала әкімі №263 шешімге қол қойып, жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялаған.

ТЖ жарияланғаннан кейін арнайы комиссия құрылып, үйлерді тексеріп шығып, келтірілген шығын көлемін анықтаған. Тексеру нәтижесінде ақау актісі мен сметалық құжаттама жасалған.

Әкімдіктің жауабына сәйкес, жөндеу жұмыстарының тапсырыс берушісі – «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесі. Ал мердігерлерді бір көзден, тікелей келісімшарт жасау арқылы анықтаған: олар – «Парасат Строй Компани» ЖШС және «ABMSmartGroup» ЖШС.

Алайда қай компания нақты қай үйде жұмыс істеп жатқаны әкімдіктің жауабында көрсетілмеген.

Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, шатырды жөндеу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Ол сондай-ақ әкімдікке тұрғындардан шығынды өтеу туралы ресми арыз түспегенін атап өтті.

Ал тұрғындардың сөзіне қарағанда, қалалық ТКШ бөлімінің маманы су басқан пәтерге келіп, жағдайды қарап кеткен. Осыдан «шығынды өтеу үшін тұрғындар міндетті түрде әкімдікке жазбаша арыз беруі керек пе?» деген сұрақ туындайды.

Тұрғындардың айтуынша, мердігер ұйым алғашқы жарияланымға дайындық кезінде-ақ шығынды өз есебінен өтеуге дайын екенін растаған. Олармен келісім жасалып, алдымен шатырды толық жөндеп бітіру, содан кейін су басқан пәтерді қалпына келтіру жоспарланған.

Осылайша, тұрғындардың баспанасын қалпына келтіру ісін мердігер өз мойнына алған. Ал әкімдік болса, тұрғындардан өтемақыға қатысты ресми арыз түспегенін мәлімдейді. 

Анджела БРОДСКИХ

Бүгін, 16:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.