Атырау, 21 ақпан 16:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 494.66
€ 581.87
₽ 6.43

Жауын-шашын алдында жабынды алып тастап, жөндеуді тоқтатты: Нұрсаядағы пәтерді су басты

Сурет Бейнежазба
112 рет қаралды

Нұрсая ықшамауданындағы № 46 үйде шатырды ауыстыру жұмыстары тұрғындар үшін үлкен қиындыққа айналды. Бірінші және екінші подъездегі ескі жабын алынып тасталғаннан кейін жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. Ал қашан жалғасатыны туралы тұрғындарға хабарламаған.

Синоптиктер соның алдында жаңбыр болатынын ескерткен еді, бейсенбі кешкісін басталған жауын түн бойы толастамады. Жоғарғы қабаттағы тұрғындар үшін бұл түн ұйқысыз өтті, үйлерін су басты.

Шатырдағы бекітілмеген құрылымдар қатты желде гүрсілдеп, ашық қалған бөліктерді жел соққылаған. Бесінші қабаттағы пәтерлердің төбелері қарайып, ісіне бастаған. Ең қатты зардап шеккен № 29 пәтер болды — мұнда суды тоқтататын ешқандай кедергі болмаған.

- Төбеден су сел болып ақты. Біз бөлмелерге леген мен шелек қойып шықтық, — дейді тұрғын Ақгүл Серікова

Оның айтуынша, бұрын да шатырдан жылдар бойы су ағып келген. Олар ПИК-ке шағымданып, әкімдікке жүгінген, ақыры өз қаражаттарына шатырдағы тесіктерді жамап, пәтерді жөндеуге мәжбүр болған. 

- Жөндеуді енді ғана аяқтаған едік, тағы да су басты. Шатырды ауыстыру керек екені түсінікті. Бірақ неге оны жаңбыр жауар алдында ашып тастап, үйді ашық қалдырады? Енді шығынға кім жауап береді? — дейді ол.

Оның айтуынша, олар e‑Otinish жүйесі арқылы, «109» қызметіне және облыс әкімдігінің Telegram‑арнасына да шағым жолдаған. Онда ПИК-ке жүгінуді ұсынған. Ал ПИК жөндеу жұмыстары қалалық ТКШ басқармасы арқылы жүргізіліп жатқанын түсіндірген. Жұмыстың аяқталу мерзімі мен шығынды өтеу тәртібін әзірге ешкім түсіндірмеген.

Тұрғындар тағы бір мәселені атап өтті: желдеткіш пен кәріздік сору жүйелері шатыр деңгейінен жоғары шығарылуы тиіс болса да, бұл үйде шатырға дейін ғана жеткізілген. 

Бұл жағдай, олардың пікірінше, үйдің құрылысы кезінде жіберілген қателіктер мен жобалық нормалардан ауытқулардың бар екенін көрсетеді.

- Бұл ауа сору жүйелері бастапқыда сыртқа, шатырдың үстіне шығарылуы тиіс еді. Үй тапсырылған кезде ол жасалмаған. Болашақ ықшамауданында мұндай үйлер көп, біздің білуімізше, басқа аудандарда да осындай жағдай кездеседі. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе, — дейді олар.

Зардап шеккендерде төбеден аққан су, бүлінген қабырғалар мен мүліктің фото‑бейнематериалдары бар.

Бір тұрғын ПИК‑те басқа үйлерде де жөндеу жұмыстары қатар жүріп жатқанын естігенін айтады. Оның ішінде Алмагүл ықшамауданындағы үйлер бар екен, онда бригадалар әр нысанда бірнеше күн жұмыс істеп жатыр екен. Егер бұл рас болса, тұрғындарда «ресурстар жеткілікті ме және жұмыстың ұйымдастырылуын кім бақылап отыр?» деген заңды сұрақ туындайды

Мәселе тек тұрмыстық қолайсыздық емес, құқықтық сипатқа да ие

Адвокат Ақтолқын Балтабаева атап өткендей, бұл жағдайды жай ғана тұрмыстық қолайсыздық деп қарастыруға болмайды. 

- Мердігер жұмысты ұйымдастыру кезінде үшінші тұлғалардың мүлкіне зиян келтірмеуге міндетті. Егер шығын жөндеу жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауынан туындаса, мысалы, шатырды бұзғанда уақытша гидрооқшаулаудың болмауы себеп болса, онда жауапкершілік кінәлі тарапқа жүктеледі. Бұл келісім шарттарына байланысты мердігер немесе тапсырыс беруші болуы мүмкін, — дейді заңгер.

Үйге «KazService» ПИК-і қызмет көрсетеді. Диспетчер Жанна шатырды жөндеу жұмыстарының ПИК-ке қатысы жоқ, тапсырыс беруші — қалалық ТКШ бөлімі екенін айтты. Үйді кім салғанын ПИК-тегілер білмеді.

Негізгі сұрақтар ашық күйінде қалып отыр: неге шатырды алғанда уақытша қорғау шаралары қолданылмады, неге жұмыстар шатыр ашық күйде тоқтап қалды, кім тапсырыс беруші және кім мердігер, қандай қаражатқа жөндеу жүргізілуде, қашан аяқталады және тұрғындардың шығыны қалай өтеледі?

Біз бұл сұрақтарды қалалық әкімдікке жолдадық. Баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген жағдай анықталып жатқанын, қосымша жауап берілетінін хабарлады.

Тұрғындар жөндеу жұмыстары мемлекеттік бағдарлама аясында жүргізіліп жатыр ма және неге оларды алдын ала мерзімдер мен ықтимал тәуекелдер туралы хабардар етпегенін түсінгісі келеді..

Тұрғындар не істей алады

Біз коммуналдық мәселелермен айналысатын басқа заңгерлермен де сөйлестік. Заңдық тұрғыдан алғанда тұрғындар үшін маңызды қадамдар:

  • Су басу фактісін актімен бекіту, оған ПИК немесе ТКШ өкілдері қатысуы тиіс.
  • Шығынға тәуелсіз бағалау жүргізу керек.
  • Тапсырыс беруші мен мердігерге жазбаша талап жолдау.
  • Егер шығынды өтеуден бас тартса, сотқа жүгіну.

Шатырды ауыстыру қажет екені анық. Бірақ ол тұрғындардың пәтерлерін су басып, мүлкін бүлдірмеуі тиіс.

P.S. Материал дайындалғаннан кейін Ақгүл Серіковаға өзін мердігер деп таныстырған Бекжан есімді азамат хабарласып, су басудың салдарын жоюға және бүлінген жерді әктеп жөндеуге дайын екенін айтқан.

Оның сөзінше, жұмыстар материалдың жоқтығынан тоқтап тұр: қаңылтыр шатыр жеткізілмеген, себебі жеткізуші оны тиеп жібермеген.

Серікова өз ұстанымын нақты жеткізді: алдымен шатыр толық жабылып, содан кейін ғана пәтердегі жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.

- Жаңбыр маусымы келе жатыр. Алда жауын‑шашын мен қар түседі. Шатыр ашық күйінде тұрса, косметикалық жөндеудің қандай мәні бар? Қайтадан су басуы мүмкін ғой, — дейді ол.

«ABM Smart Group» ЖШС басшысы Бекжан Әкімғалиев өз компаниясының мердігер екенін растады және келесі аптадан бастап пәтердегі жөндеуге кірісуді жоспарлап отырғанын айтты. Сондай‑ақ ол жақын арада шатыр жабындысының жеткізілетінін де мәлімдеді.

Мердігер ұйымның басшысы келісімшарттың сомасын атаудан бас тартып, оны коммерциялық құпия деп түсіндірді. Алайда егер жұмыстар бюджет есебінен қаржыландырылса, келісімшарттағы сома жабық ақпарат бола алмайды.

Редакция қосымша сауалдарды әкімдікке жолдады, бұл жағдайдың дамуын бақылайтын болады.

Анджела БРОДСКИХ

Су басқан пәтерлердің тұрғындары жолдаған суреттер мен видеолар

Суретте: №29 пәтер, жабынсыз қалған шатыр

Бүгін, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.