
Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Жантас Оспан тағайындалды. Ол бұған дейін Атырау облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарған.
Жаңа басшы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен тағайындалды.
Жантас Оспан — жоғары білімді. 2009 жылы Атырау мұнай және газ институтын “Мұнай-газ саласындағы қолданбалы экология” мамандығы, 2019 жылы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін “Мұнай-газ ісі”, 2025 жылы Алматы Менеджмент Университетін “Жалпы және стратегиялық менеджмент” мамандығы бойынша бітірген. Магистр дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2004 жылы “Жаңа жол-1” ЖШС-де жабдықтау жөніндегі инженер болып бастаған. Әр жылдары мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарда сапаны бақылау инженері, құрылыс жөніндегі директордың орынбасары, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика инженері, маман, өндірістік-техникалық бөлім басшысының орынбасары және бөлім басшысы қызметтерін атқарған.
2023 жылғы желтоқсаннан бастап Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында тапсырмалардың орындалуын бақылау жөніндегі инспектор, кейін басқарма басшысының орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді.
Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Ж.Оспан Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы лауазымында қызмет етті.
Енді оның құзыретіне энергетика, жылу, жарық, су, газ және тұрғын үй саласының мәселелері кіреді.
В Атырау +5.4