
Биыл дезинсекциялық жұмыстарға бюджеттен қаржы тек Жылыой және Мақат аудандарына ғана бөлінген.
Қалған аудандарда бұл мәселеге қайта оралмаған немесе қаржы бөлінген жағдайда ғана қарастыруға дайын.
Бұған дейін «АЖ» Атырау қаласы мен қала маңындағы ауылдық округтер бойынша масаларды улау жұмыстарына қанша бөлінгенін жазған болатын. Аудандық әкімдіктердің жауаптары көрсеткендей, жалпы облыс бойынша бұл жұмыстарға бірыңғай көзқарас жоқ.
Сонымен, Индербор кенті бойынша масаға қарсы күрес жұмыстарына дайындық жұмыстары басталмаған және дезинсекциялық шаралаға бюджет қаражаты бөлінбеген. Сондай-ақ, кент аппаратынан «қызмет көрсету үшін барлық қажетті рұқсат құжаттарына ие болуы немесе осы қызмет түрлерін орындауға мамандандырылған кәсіпорынмен шарт жасасуы тиіс» деген жауап берілді.
Одан бөлек, Қызылқоға, Махамбет, Құрманғазы, Исатай аудандары бойынша биыл масаға қарсы күрес жұмыстары бойынша бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Қызылқоға аудан әкімі аппаратынан көбіне маса болмайтындықтан аудан бойынша қазіргі таңда маса улау (дезинсекция) жұмыстары жүргізілмейтінін хабарлады. Исатай ауданы «Алдағы уақытта маса улау жұмыстары бойынша бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда тиісті шараларын жүргізу жоспарлануда» деп жауап берді.
Жылыой ауданында масаны улауға 17 млн теңге бөлінген. Жылыой ауданы әкімдігі ауданда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер - ЖК «Мұздыбаева К.К» анықталып, 5 наурызда келісімшарт жасақталғанын хабарлады: «Аталған келісім-шартқа сәйкес Құлсары қаласындағы көпқатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен кіреберістерінде масаға қарсы дезинсекциялау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес айына екі мәрте жүргізіледі».
Мақат ауданында Доссор кентін өңдеуге 7 млн теңге қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін мамыр айында жариялау жоспарланып отыр. Мердігер анықталғаннан кейін дезинсекция маусым, шілде және тамыз айларында көпқабатты үйлердің жертөлелерінде, балалар алаңдарында және маса көп жиналатын орындарда жүргізілуі тиіс.
Ал Мақат кенті бойынша масаға қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүргізу үшін биылға бюджеттен қаражат сұратылған. Қаражат бөлінгеннен кейін, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп, мердігер мекеме анықталады. Содан соң тиісті келісімшарт жасалып, жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілетін болады.
Осылайша облыс аудандарында масамен күрес жұмыстары біркелкі жүргізілмей отыр: кей жерде өңдеу басталып кеткен, ал кей жерде тіпті жоспарланбаған.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10