
Бюджетте ақша бар, бірақ сәуірдің соңына дейін мердігер әлі анықталмаған.
200 миллион теңге көлеміндегі соманы «АЖ» редакциясына қала әкімдігінің баспасөз қызметі растады. Бұған дейін масаны улау жұмыстары бойынша ресми сауалымызға қала әкімі орынбасары Мейіржан Мұқасов та, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушысы Ақесен Ибрагимов те өз жауабында қаржы бөлінгенін айтқанымен, қанша бөлінгенін көрсетпеген. Сол себепті баспасөз қызметінен қосымша нақтылауға тура келді.
Жұмыстарды оң және сол жағалауға бөліп атқару жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мердігерлерден өтінім қабылдау жүріп жатыр. Әкімдік бұл рәсімді аяқтап, келісімшарттарды сәуір айының аяғына дейін жасақтау жоспарлануда. Маса улау жұмыстарын жүргізу үшін мердігер мекемеде тиісті лицензия және арнайы құрал-жабдықтар болуы қажет.
Қала құрамына кіретін ауылдық округтер бойынша да бөлек тендерлер жарияланды.
«Әр ауылдық округ өз қажеттіліктеріне қарай бөлек тендер жариялайды», — деп түсіндірді әкімдік.
- Дамбы ауылдық округіне 12 млн,
- Қайыршақты ауылдық округіне 21 млн,
- Кеңөзек ауылдық округіне 17 млн,
- Алмалы ауылдық округіне 14 млн,
- Еркінқала ауылдық округіне 17 млн,
- Атырау ауылдық округіне 16 млн бөлінген.
Олар бойынша қазіргі уақытта мердігерлер анықталған.
Дамбы ауылдық округі бойынша бір көзден сатып алу бойынша мердігер мекеме “BD DISINFECTION”; Кеңөзек ауылдық округі мен Еркінқала ауылдық округі бір көзден сатып алу бойынша мердігер мекеме “WSS” ЖШС; Атырау ауылдық округі - Конкурс нәтижесі әлі шықпаған; Қайыршақты ауылдық округі мен Алмалы ауылдық округі - конкурс негізінде мердігер мекеме “AG Disinfection services ”ЖШС.
Былтыр 2025 жылы Атырау қаласында масаларды улауға 244 млн теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі дезинсекциялық жұмыстарға әр жағалауға (сол және оң) 122 млн 74 мың теңгеден бірдей бөлген.
Салыстыру үшін:
- 2024 жылы – 89,2 млн теңге бөлінген
- 2023 жылы – 50,4 млн теңге бөлінген.
Яғни соңғы екі жылда масалармен күреске бөлінетін қаражат төрт есе өскені байқалады. Бұл неге байланысты екенін әзірге билік өкілдері түсіндірмеді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -10